«Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттарының сайлауалды штабының мүшелері Сауран ауданына қарасты «Қазақстанның отыз жылдығы» ауылында орналасқан «AQNIET HOLDING» ЖШС-нің еңбек ұжымымен экспромт-кездесу өткізді. Еркін форматта ұйымдастырылған жүздесуге облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Алмас Салимов пен штаб мүшелері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстыру, өндіріс саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және кәсіпорын қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдау. Басқосу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, отандық өндірісті қолдау, кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру және халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне басымдық берілді.

Жиын барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарына тоқталып, экономиканың тұрақты дамуы үшін өндіріс орындарының маңызы зор екенін атап өтті. Әсіресе кәсіпорындардың жұмысын жандандыру, инвестициялық жобаларды қолдау, өндірістік қуаттарды арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері сөз болды.
Облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Алмас Салимов еңбек ұжымына партия бағдарламасында көзделген бастамаларды кеңінен түсіндірді. Оның айтуынша, өңір экономикасының дамуы тікелей өндіріс орындарының тұрақты жұмысына, кәсіпкерлік саласының өркендеуіне және еңбек ресурстарының тиімді пайдаланылуына байланысты. Сондықтан отандық кәсіпорындарды қолдау, өндірістік әлеуетті нығайту және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту маңызды міндеттердің бірі саналады.
Сонымен қатар еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыру және жұмыс орындарының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелеріне де назар аударылды. Өндіріс саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың ұсыныстарын ескеру мен олардың кәсіби дамуына мүмкіндік жасау өңірдің жалпы экономикалық өсіміне оң әсер ететіні айтылды.
Өз кезегінде «AQNIET HOLDING» ЖШС қызметкерлері өндіріс саласына қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, кәсіпорындардың қызметіне байланысты өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.
Штаб мүшелері көтерілген мәселелерге қатысты түсініктеме беріп, олардың партияның сайлауалды бағдарламасындағы тиісті бағыттармен сабақтастығын түсіндірді. Сондай-ақ еңбек ұжымымен тікелей байланыс орнатудың, өндіріс орындарындағы жағдайды зерделеудің және азаматтардың ұсыныстарын ескерудің маңыздылығын атап өтті.
Мұндай кездесулер партия мен еңбек ұжымдары арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына қатысты мәселелерді тікелей жұмыс орындарында талқылауға мүмкіндік береді. Өндіріс саласының өкілдерімен ашық пікір алмасу алдағы кезеңдегі басым міндеттерді айқындауға және халықтың сұранысына негізделген бастамаларды ілгерілетуге жол ашады.
