Созақ ауданында «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы жергілікті тұрғындар мен қоғам өкілдеріне таныстырылды. Шолаққорған ауылындағы мәдениет сарайында өткен кездесуге партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алмас Салимов, облыстық сайлауалды штабтың мүшелері және өзге де партия өкілдері қатысты.
Жиын барысында партия өкілдері алдағы бес жылға арналған бағдарламаның негізгі бағыттарын түсіндіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін басым міндеттерге тоқталды. Сайлауалды бағдарламаның түпкі мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, халықтың әл-ауқатын арттыру, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және елді мекендердегі өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге ықпал ету.

Бағдарламада қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше мән берілген. «Заң мен тәртіп» бағыты аясында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасау көзделген. Осы мақсатта өңірде 9 мыңнан астам бейнебақылау камерасын орнату, сондай-ақ азаматтардың өтініштері мен мәселелерін жергілікті жерде қарастыруға бағытталған 400-ден астам «Әділет керуені» қабылдауын өткізу жоспарланған. Бұл бастамалар халық пен мемлекеттік институттар арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.
Ал «Тиімді институттар» бағыты бойынша мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен есептілігін арттыру мәселелері қамтылған. Атап айтқанда, депутаттардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейту, қоғамдық қабылдаулар мен есептік кездесулердің санын көбейту көзделіп отыр. Мұндай жұмыстар тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеруге, елді мекендердегі мәселелерді дер кезінде анықтап, олардың шешілуіне ықпал етуге бағытталған.
Өңірлердің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға арналған «Қуатты өңірлер» бағыты да бағдарламаның маңызды бөлігін құрайды. Бұл бағытта тұрғын үй құрылысын дамыту, инженерлік-коммуникациялық желілерді жаңғырту, елді мекендерді сапалы ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету міндеттері белгіленген. Соның ішінде облыста табиғи газбен қамту деңгейін 97 пайызға жеткізу және 2 500 шақырым жолды жөндеуге ықпал ету жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар ауылдар мен қалалардың инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың күнделікті тұрмысындағы қолайлылықты арттыруға мүмкіндік береді.
Экономикалық өсім мен халықтың табысын арттыру мәселелері «Әділ экономика» бағыты аясында қарастырылған. Бұл ретте ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу және жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық беріледі. Әсіресе ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жергілікті өндірісті дамыту және экономиканың түрлі салаларындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіленген.
Сонымен қатар сайлауалды бағдарламада цифрландыру үдерісін жеделдету, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және заманауи технологияларды кеңінен енгізу мәселелері қамтылған. Әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру, бұқаралық спортты дамыту және мәдениет саласының әлеуетін көтеру бағытында да нақты бастамалар ұсынылған. Бұл шаралар тұрғындардың қажеттіліктеріне сай әлеуметтік ортаны қалыптастырып, әр азаматтың сапалы қызмет алуына жағдай жасауға бағытталған.
Экологиялық мәселелер де партия назарынан тыс қалмаған. «Таза Қазақстан» бағыты бойынша қоршаған ортаның тазалығын сақтау, жасыл желек көлемін ұлғайту, елді мекендерді абаттандыру және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісін дамыту көзделген. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру да алдағы кезеңдегі маңызды міндеттердің қатарында.
Кездесу барысында Алмас Салимов партияның сайлауалды бағдарламасы нақты көрсеткіштер мен кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын міндеттерге негізделгенін атап өтті. Оның айтуынша, белгіленген жоспарлардың нәтижелі орындалуы тұрғындардың қолдауына, қоғамдық бақылауға және жергілікті мәселелерді бірлесе шешуге тікелей байланысты.
«Партия үшін ең маңыздысы – халықтың сенімін ақтау, азаматтарды толғандырған мәселелерді назардан тыс қалдырмай, олардың шешілуіне нақты ықпал ету. Бағдарламада белгіленген әрбір міндет тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған. Сондықтан атқарылатын жұмыстардың нәтижесі халық үшін нақты сезілуі тиіс», – деді Алмас Алтайұлы.
Басқосу соңында партия өкілдері сайлауалды бағдарламада көзделген міндеттердің орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Сондай-ақ тұрғындармен ашық диалог орнату, олардың ұсыныстарын ескеру және қоғамдық бақылауды күшейту жұмыстары жалғасатынын айтты.
Өз кезегінде кездесуге қатысқан Созақ ауданының тұрғындары ұсынылған бастамаларға қатысты пікірлерін білдіріп, бағдарламаның негізгі бағыттарымен танысты. Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өңірдің алдағы даму басымдықтарына қатысты ойларын ортаға салды.
