«Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттарының сайлауалды штабының мүшелері Арыс қаласындағы №17 колледж ұжымымен кездесті. Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, штаб мүшелері, сондай-ақ облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген білім беру саласын дамыту, техникалық және кәсіптік білім сапасын арттыру, жастардың кәсіби әлеуетін қалыптастыру бағытындағы міндеттерді таныстыру. Басқосу барысында еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандарды даярлау, колледждердің мүмкіндіктерін кеңейту және жас түлектерді жұмыспен қамту мәселелері кеңінен талқыланды.

Партия бағдарламасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын 40 пайызға арттыру көзделген. Сонымен қатар дуальды білім беру жүйесімен қамтылған студенттердің үлесін 42 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты талаптарына бейімдеп, жастардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға бағытталған.
Дуальды оқыту жүйесін дамыту арқылы студенттер оқу кезеңінде өндіріс орындарында тәжірибе жинақтап, болашақ жұмыс берушілермен тікелей байланыс орната алады. Мұндай тәсіл жас мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, колледжді аяқтағаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін де арттырады. Сондай-ақ кәсіпорындардың қажеттілігіне сай маман даярлауға жол ашады.
«Бүгінде еңбек нарығында білікті техникалық мамандарға деген сұраныс жоғары. Сондықтан кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестендіру маңызды. Жастардың тек диплом алып қана қоймай, таңдаған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына нақты жағдай жасалуы керек. Сайлауалды бағдарламамызда қарастырылған дуальды білім беруді дамыту және мемлекеттік білім беру тапсырысын арттыру бастамалары осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған», – деді Алмас Салимов.
Сонымен бірге партияның сайлауалды бағдарламасында білім беру сапасын кешенді түрде жақсарту, білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңарту және балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, 2031 жылға дейін Түркістан облысында жалпы 5 450 орындық 25 білім беру нысанын салу жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі білім беру ұйымдарының сыйымдылығын арттырып, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, 2030 жылдың соңына дейін облыстағы 26 мектепті күрделі жөндеуден өткізу міндеті белгіленген. Бұл жұмыстар білім беру ғимараттарының жағдайын жақсартуға, оқу кабинеттерін жаңғыртуға және оқушылар үшін қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Бағдарламада білім беру жүйесін цифрландыруға да басымдық берілген. Мектептерде STEM зертханаларын дамыту, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытудың тәжірибелік мүмкіндіктерін кеңейту және жасанды интеллект саласындағы жобаларды қолдау көзделген. Мұндай бастамалар оқушылардың технологиялық сауаттылығын арттырып, олардың болашақ мамандықтарды меңгеруіне қажетті дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында колледж ұжымы партия өкілдерінің ұсыныстарымен танысып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерге қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе кәсіптік білім беру сапасын арттыру, өндірістік тәжірибені жетілдіру, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту және түлектерді жұмыспен қамту мәселелеріне назар аударылды.
Өз кезегінде штаб мүшелері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін білікті кадр даярлаудың маңызы зор екенін атап өтті. Олардың айтуынша, жастарға сапалы білім беріп, кәсіби тұрғыдан дамуына және еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік жасау – ел болашағына салынған инвестиция.
Жиын соңында тараптар кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, жастардың еңбекке араласуына қолдау көрсету және білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
