Түркістан облысында жастардың әлеуетін арттыру, олардың сапалы білім алуына, тұрақты жұмыспен қамтылуына және кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасау мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Осы бағытта «Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттарының сайлауалды штабының мүшелері өңір жастарына арналған кездесу өткізіп, партияның алдағы кезеңге арналған жоспарларын таныстырды.
Жиынға «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов және штаб мүшелері қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасындағы басым міндеттерді түсіндіру, жастардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы олардың рөлін талқылау болды.
Кездесу барысында Алмас Салимов партия бағдарламасында жастар саясатына, адами капиталды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше мән берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірдің тұрақты дамуы ең алдымен білімді, білікті, бастамашыл жастардың мүмкіндіктерін кеңейтумен тығыз байланысты. Сондықтан жастарға қажетті жағдай жасау, олардың кәсіби қалыптасуына қолдау көрсету және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне мүмкіндік беру маңызды.
– Бағдарламаның басты міндеттерінің бірі – жастардың сапалы білім алуына, тұрақты жұмысқа орналасуына және жеке кәсіп ашуына қажетті мүмкіндіктер қалыптастыру. Бұл үшін өңір экономикасын әртараптандыру, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын іске қосу және цифрлық инфрақұрылымды дамыту қажет. Жоспарланған бастамалар экономикалық көрсеткіштерді жақсартумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – тұрғындардың, әсіресе жас буынның өмір сапасын арттырып, болашаққа деген сенімін нығайту, – деді Алмас Алтайұлы.
Сайлауалды бағдарламада білім беру саласын дамытуға да айрықша басымдық берілген. Атап айтқанда, алдағы жылдары облыста жалпы 5 450 орынға арналған 25 білім беру нысанын салу және 26 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар білім беру инфрақұрылымын жақсартуға, оқушыларға қолайлы жағдай жасауға және білім сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар өңірде 105 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Шағын және орта бизнес өнімдерінің көлемін 30 пайызға ұлғайту міндеті де бағдарламада қамтылған. Аталған жоспарлардың орындалуы өндіріс орындарының көбеюіне, кәсіпкерлік саласының кеңеюіне және қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етпек. Бұл өз кезегінде жастардың еңбек нарығында өз орнын табуына, кәсіби тәжірибе жинақтауына және жеке кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашады.

Жиында «Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат әрі облыстық сайлауалды штаб мүшесі Еркебұлан Мадиярұлы да сөз алып, жастарға қатысты бастамалардың маңыздылығына тоқталды.
Ол партияның сайлауалды бағдарламасында жас буынның білім алуына, еңбекпен қамтылуына, қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына және өз қабілетін жүзеге асыруына бағытталған нақты міндеттер белгіленгенін жеткізді. Сондай-ақ жастардың өңір дамуына үлес қосуға деген ынтасы мен белсенділігі маңызды екенін атап өтіп, олардың ұсыныстары мен бастамаларына қолдау білдіру қажеттігін айтты.
Басқосу барысында цифрлық технологияларды енгізу, ауылдық елді мекендердегі интернет сапасын жақсарту және мобильді интернетпен қамту деңгейін 99,9 пайызға жеткізу мәселелері де кеңінен талқыланды. Қазіргі таңда цифрлық сауаттылық пен заманауи технологияларды меңгеру жастардың білім алуына, жұмыс іздеуіне және кәсіпкерлікпен айналысуына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі екені айтылды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында жалғасып, жастар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтар қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар білім беру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, цифрлық мүмкіндіктерді кеңейту және жастар бастамаларын қолдау бағытындағы ойларын білдірді.
Жалпы, кездесу барысында жастардың әлеуетін тиімді пайдалану – Түркістан облысының ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын маңызды фактор екені атап өтілді. Ал партияның сайлауалды бағдарламасында ұсынылған бастамалар өңір жастарының білімін жетілдіруге, кәсіби тұрғыдан өсуіне және қоғам өміріне белсенді араласуына жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруды көздейді.
