«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ: ЕСКІ ИҚАНДА АУЫЛДЫ ДАМЫТУ ЖОСПАРЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

 

«Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттарының сайлауалды штабы Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Басқосуда партияның алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, ауылдық аумақтарды дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жоспарлар кеңінен талқыланды.

Ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылған кездесуге облыстық сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов пен штаб мүшелері қатысты. Жиын барысында тұрғындарға «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары мен алдағы кезеңде жүзеге асыру көзделген міндеттері түсіндірілді.

Алмас Алтайұлы өз сөзінде ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы партия бағдарламасындағы маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту үшін ең алдымен инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп, халыққа қажетті жағдай жасау қажет. Осы мақсатта елді мекендерді инженерлік желілермен қамтамасыз ету, жолдардың сапасын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту және тұрақты жұмыс орындарын ашу бағытында нақты көрсеткіштер белгіленген.

Атап айтқанда, алдағы бес жылда облыстағы елді мекендерді табиғи газбен қамту деңгейін қазіргі 75,6 пайыздан 97 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 98 пайызға арттыру көзделген. Бұл бастамалар ауылдар арасындағы қатынасты жақсартып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге және елді мекендердің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында экономиканы өркендету мен инвестиция тарту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Бағдарлама аясында облыс аумағында 105 инвестициялық жобаны іске асыру, шағын және орта бизнестің өнім көлемін 30 пайызға ұлғайту міндеті қойылған. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға, жергілікті өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін береді. Әсіресе ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлікті жандандыру арқылы халықтың табысын арттыруға басымдық берілмек.

Білім беру саласындағы жоспарлар да жиын қатысушыларының назарынан тыс қалмады. Сайлауалды бағдарламада жалпы саны 5 450 орынға арналған 25 білім беру нысанын салу және 26 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қарастырылған. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу міндеті белгіленген. Бұл бастамалар балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай қалыптастырып, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

8c10ff4c 588b 4c97 A4b7 Cc501221585d

Бұдан бөлек, жастардың заманауи білім мен кәсіби дағдыларды меңгеруіне жағдай жасау, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және шалғай елді мекендердегі интернет сапасын жақсарту мәселелері қозғалды. Денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, спорт инфрақұрылымын дамыту да партия бағдарламасындағы маңызды бағыттар ретінде таныстырылды.

Жиын барысында Ескі Иқан ауылының тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе елді мекендердің дамуы, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы және жастарға жасалатын мүмкіндіктер жөнінде пікір алмасты.

Кездесу соңында сайлауалды штаб өкілдері тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың маңыздылығына тоқталды. Ауыл тұрғындары мен жастар партия ұсынған бағдарламаның негізгі бағыттарымен танысып, өңірдің тұрақты дамуына арналған бастамаларды қолдайтындықтарын білдірді.

Айта кетейік, «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту және өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету негізгі міндеттердің қатарында белгіленген.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *