«БІРЛІКТІ БЕКЕМДЕУ – ҚАСТЕРЛІ ПАРЫЗ»

«БІРЛІКТІ БЕКЕМДЕУ – ҚАСТЕРЛІ ПАРЫЗ»

119 просмотров

«БІРЛІКТІ БЕКЕМДЕУ – ҚАСТЕРЛІ ПАРЫЗ»

Түркістан қаласында «Түркістан – түркі халықтарының рухани орталығы» атты мерекелік шара өтті. Өзбек халқының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күніне арналған айтулы жиынға ҚР Парламентінің депутаттары, Өзбекстан Республикасынан арнайы келген делегация өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен журналистер, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев шара аясында өзбекстандық делегациямен және ҚР Парламенті депутаттарымен кездесті. Басқосуда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рухани, мәдени, экономикалық байланыстардың жыл сайын нығайып келе жатқанын жеткізген облыс басшысы бауырлас елдер алдағы уақытта да көптеген игі бастамаларды бірге атқаратындығына тоқталды. – Ежелден туыстас қазақ пен өзбек жұрты Тұранды мекен етіп, қиыншылықты да, қуанышты да бірге көрді. Біздің тарихи тағдырымыз да, арман-мұратымыз да ортақ. Туыстығымыз тіл жақындығынан тамыр тартып, дәстүрімізбен жалғасып, салт-санамызбен қабысып жатыр. Бауырлас өзбек халқы – іргелес жатқан қоңсы ғана емес, етжақын ағайын халық. Баршаңызға мәлім, соңғы 1,5 жылдың ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында достық байланыстар бекіп, жаңа деңгейге көтерілді. Теміржол тасымалы 44 пайызға артып, тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдарында егіздің сыңарындай болған елдердің басшылары талай толымды кездесулер өткізіп, бауырластықтың бүтіндігін, көршілік байланыстың кемелдігін көрсетті. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-экономикалық байланыстарды нығайту – Сіз бен бізге жүктеліп отырған асыл міндет. Осы орайда алдағы уақытта бірлесе атқаратын ауқымды іс-шаралар жетерлік деп ойлаймын, – деді Жансейіт Қансейітұлы. Өзбекстандық делегация атынан Өзбекстан Республикасы Жоғарғы мәжілісінің депутаты Расул Кушербаев облыс басшылығына өзбек халқының ұлттық құндылықтарын ұлықтап, айтулы шара өткізіп жатқандықтары үшін алғыс білдірді. Самарқан, Наманган және Ташкент қалаларынан келген жазушылар мен зиялы қауым өкілдері үлкен құрмет көрсетіп отырған облыс жұртшылығына, басшылығына ризашылықтарын айтып, алдағы уақытта Түркістанның тарихы және екі елдің достығы жайында түрлі жанрда шығармалар жазатындықтарын жеткізді. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев бауырлас екі елдің арасындағы уақыт сынынан өткен достық қарым-қатынасты жас ұрпақтың бойына егу мәселесін қозғады. Жиында Қазақстан өзбектерінің «Достық» қауымдастығы облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлын «Қоғам белсендісі» төсбелгісімен марапаттады. Бауырлас елден келген қонақтарға сый-сияпат көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды. Қонақтар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, Есім хан алаңында өзбек этномәдени бірлестігінің қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдары және ақын-жазушылардың таңдаулы туындыларының көрмесін тамашалады. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік шараның құрметті қонағы болды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев көпшілікті мерекемен құттықтап, елдегі ынтымақ пен бірлікті нығайтудың, татулық пен тұрақтылықты сақтаудың маңызына тоқталды. – Түркістан облысындағы 2 миллионға жуық тұрғынның 16 пайызын өзбек этносының өкілдері құрайды. Облыс аумағында 14 мектеп өзбек тілінде білім берсе, 130-дан астам мектепте өзбек тіліндегі оқу сыныптары бар. Одан бөлек, облыстық өзбек драма театры мен бірқатар басылымдар жұмыс атқарады. Бұл тұрғыда еліміз Конституциямызда көрсетілген міндеттерді толыққанды жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен, өзімізге керек. Бірлігіміз болса, біз бір-бірімізді сыйлаймыз. Бұған дейін осылай болған, бұдан кейін де солай болуға тиіс» деген болатын. Бірліктің қадірін білу, оны тереңінен түйсіну, байыпты бағамдау сіздер мен біздер үшін қасиетті де қастерлі парыз болып қалуы тиіс, – деді облыс басшысы. Жиында ел бірлігін нығайтуға, қазақстандық патриотизмді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар Қазақстан өзбектері қоғамдық бірлестіктері «Достық» қауымдастығының «Қоғам белсендісі» төсбелгісімен марапатталды. Салтанатты шарада өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы шығармашылық ұжымдар көпшілік қауымға концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ, мереке аясында Түркістан қаласындағы «Локомотив» орталық стадионында «Ордабасы» және «Пахтакор» командаларының ардагер ойыншылары арасында жолдастық кездесу өтті. Қайрат ЗАЙНИШЕВ, Суреттерді түсірген Самат МЫРЗАЛИЕВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *