ДАРЫНДЫ ҰРПАҚ - ЕЛ БОЛАШАҒЫ

ДАРЫНДЫ ҰРПАҚ — ЕЛ БОЛАШАҒЫ

82 просмотров

ДАРЫНДЫ ҰРПАҚ - ЕЛ БОЛАШАҒЫ

«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлынғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру — бүгінгі күннің басты талабы. Елбасы Н.Назарбаев та болашақта ғылыммен айналысатын, инновация жасайтын, өз қалауы мен қоғам талабына сай өзін көрсете білуге бейім, ойын еркін айта алатын, жоғары білімді, ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, отандық және әлемдік мәдениетті бойына қалыптастырған, шығармашыл, оңтайлы кәсіби маман дайындау керектігін айтқан болатын. Ал мұндай күрделі де жауапты іс тек ұлы ұстаздың ғана қолынан келері анық. Оқушының бойындағы ерекше қабілет пен талантын ашып, оны әрі қарай жетілдіруде әдіс-тәсілдерді дұрыс таңдау, сондай-ақ, оны ұтымды қолдану әрбір мұғалімнің шеберлігіне байланысты, әрине. Қаламыздағы ең үлкен білім ордаларының бірі – Ә.Науаи атындағы №13 мектеп-гимназияда «Дарынды ұрпақ – ел болашағы» атты қосымша білім беру педагогтерінің қалалық семинары болып өтті. Семинарға қаладағы 35 мектептің ұлағатты ұстаздары қатысты. Оқушылардың қолымен жасалған ұлттық киім үлгісіндегі бағдарламалар көпшіліктің назарын қаратты. Жаңашылдықтың өзгеше көрінісі болған сапалы да сәнді бағдарлама қолөнер үйірмесі мүшелерінің шығармашылық жұмысының нәтижесін байқатты. Семинарға қатысушылар киелі шаңырақ астына жиналып, «Күн шуағы», «Ашық аспан», «Жасыл әлем» атты топтарға бөлінді. Әрі қарай мұғалімдер топпен бірге LINGUAMIR (ағылшын тілін үйренуге арналған практикалық – бағдарланған әдіс), «Қазақстанның қасиетті географиясы», IQ – GAMES (зияткерлік ойындар) бағыттары бойынша шебер-сыныпқа қатысты. Ағылшын тілі пәні бойынша үш тілді оқыту бағдарламасын іске асыру мақсатында өтілген тәжірибелік жұмысқа (мұғалімдер — Д.Сулайманова, И.Усеиновалар) қатысқан мұғалімдер түрлі ойын, инновациялық стратегияларды қолданып, қазақ және орыс тілдерін қатар үйрену мүмкіндігіне ие болды. Қызықты да мазмұнды өткен бұл сабақта тіл үйренудің құпиясы ашылып, әдістемелер мақсатқа сай дұрыс таңдалғаны байқалды. География пәнінің мұғалімі Н.Рахимова тәжірибесімен бөліскен сабақта тәуелсіз еліміздің қасиетті жерлерімен таныстыру, әрбір өңірдің өзіндік тарихы мен ерекшеліктерін насихаттау, әсіресе, киелі қаламыз, түркі әлемінің астанасы саналған Түркістан қаласына саяхаттау, оның бүгіні мен ертеңі жайлы айтылған түрлі пікірлер ұлттық құндылықтарды дәріптеудің үлгісі іспеттес болды. Дүйім дүниенің қандай дүбірлі додасына тайсалмай түсіп, кім-кіммен де жалтақсыз жарысатын интеллектісі жоғары логикалық ойлаудың патшаларын дайындау мақсатында өтілген IQ — GAMES зияткерлік ойындары қызықты да мазмұнды болды (мұғалімі – М.Мансурова). Бағыт бойынша шебер сыныптардан кейін кезек факультатив пен үйірме сабақтарына берілді. Абайтану бойынша «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артынан сөз қалдырған…» атты әдеби кешке (мұғалімі – Г.Зуфарова) қатысқан мұғалімдер оқушылардың сөйлеу мәнері, тіл тазалығы, ұлы ақын Абайдың шығармашылығын жетік білуі, әртістік қабілеттеріне риза болып, мұғалімнің де, білім алушылардың да көп ізденгенін айтып өтті. ХХІ ғасыр — білім мен техниканың даму ғасыры. Бүгінгі күн жастарын жасампаздық пен құрастырушылық дағдыларын бойынша қалыптастырған жеке тұлға десек қателеспейміз. Сөзіміздің айқын дәлелі — робототехника сабағында оқушылар өздері роботтың үлгісін құрастырып, техниканың қыр-сырларын терең меңгергенін көрсетіп отырды. Семинар қатысушылары осындай керемет сабақты ұйымдастырған информатика пәні мұғалімі Ш.Маматраимовке алғыс білдірді. Қазіргі таңда жаңартылған білім беру жүйесінің басты мақсаты — оқушының сыныптағы білімін өмірде қолдана білу болса, «Тоқылған сөмкені безендіру» тақырыбында өтілген сабақ мұның қаншалықты тиімділігін көрсетті. Технология пәні мұғалімі Г.Дауытованың жетекшілігінде 6-сынып қыздары сабақ үстінде өздеріне берілген сөмкені түрлі әшекей бұйымдар, атап айтқанда, моншақтар, гүлдер, тағы басқа нәрселермен сәндеп, кейбір сөмкелерді қонақтарға сыйлық ретінде тарту етті. Қыздардың жас болуына қарамай, сөмкені өте талғампаздық әрі нәзіктікпен этика-эстетика талаптарына сай безендіруі көпшілікті таң қалдырды. Тіпті, кейбір сөмкелерді сатып алу ұсыныстары да болды. Оқушыны өз сабағына осыншама қызықтыра білу, оған өнер үйрету — тек шебер мұғалімге ғана тән қасиет. Г.Дауытоваға да айтылған жылы лебіздер оның өз кәсібінің нағыз маманы екендігін дәлелдейді. Семинардың екінші бөлімінде дарынды оқушылардың қолымен жасалған көрме, концерттік бағдарлама — барлығында жаңашылдықтың бір көрінісі байқалып отырды. Нақтырақ айтсақ, түрлі зерттеу алаңдары, ғылыми жоба жарыстары жеңімпаздарының жұмыстары, спорт пен олимпиада, өнер саласындағы үздік оқушылардың жетістіктері көпшіліктің назарына ұсынылды. Ұстаздар әрбір өтілген шараға оң көзқарастарын білдіріп, мектеп ұжымы мен оқушыларына алдағы уақытта шығармашылық табыс тіледі. Семинарды қалалық білім бөлімінің әдіскері Г.Аметова қорытындылап, жаңашыл үлгіде өткізілген іс шараға белсене қатысқан барлық мұғалімдерге, мектеп әкімшілігіне алғыс айтты. Әсіресе, бұл семинарды талап дәрежесінде ұйымдастырған қосымша білім беру педагогі С.Никинбаеваға жақсы тілектер айтылып, алдағы уақытта ұстаздар қауымына щығармашылық табыс тіледі. Махбуба Ходжаева, Ә.Науаи атындағы №13 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *