ҒАСЫРЛАР ҮНІН ЖЕТЕЛЕГЕН АСПАП

ҒАСЫРЛАР ҮНІН ЖЕТЕЛЕГЕН АСПАП

12 просмотров

ҒАСЫРЛАР  ҮНІН  ЖЕТЕЛЕГЕН АСПАП

      Қобыз – қазақ халқының көнеден қалған музыкалық аспабы, ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегі. Қобыздың арғы тегі садақтан шыққаны ғылыми түрде дәлелденген. Халық аңызы мен Орта Азия ғалымдарының кейбір деректеріне қарағанда, ғасырлар сырын жетелейтін қоңыр үнді киелі аспапты VIII-IX ғасырларда Қорқыт жасаған деседі. Қайсыбiр ғалымдар iшектi аспаптарды (адырна, қобыз, шертер, жетiген, домбыра) ұрмалы аспаптар (дабыл, даң­ғыра) негiзiнде пайда болды десе, ендi кейбiрi кәдiмгi садақты ғасырлар бойы жетiлдiргеннен пайда болды деп есептейдi. Ұрмалы аспаптар негiзiнде пайда болды деген пiкiрге келер болсақ, ежелден жауынгер халық дабыл, даңғыра, дауылпаз, керней секiлдi аспаптарсыз жорыққа шықпаған. Даңғыра немесе дабыл аспабын жорықта жүргенде ат үстiнде қолға ұстап жүруге ыңғайлы болсын деген себеппен бiр шетiн сопақтау, алмұрт пiшiндес етiп жасай бастаған. Және сол даңғыраның бетiне қосымша дыбыстық реңк беру үшiн көнтерi қайыстан жiп (iшек) тартқан. Келе-келе нар садақтың адырнасы үшiн пайдаланатын түйе сiңiрiнен даярланған тарамыс жiп (iшек) тартқан. Оның қайысқа қарағанда дыбыс өшiрмейтiн қасиетiнiң жоғары болуы себептi жиi пайдаланған. Осылай ғасырлар бойы даму, жетiлдiру барысында ең алғашқы қобыз, шертер тектес iшектi аспаптар пайда бола бастаған. Және бұлар бiздiң дәуiрiмiзге дейiн пайда болған. Екiншi пiкiрге келетiн болсақ, оның да көңiлге қонар қисындары жеткiлiктi. Жауынгер бабаларымыздың жан бағатын бiрден-бiр қаруы садақ болған соң, оны күндiз-түнi қолдарынан тастамаған. Оның адырнасын шiрене тартып жiберiп кеп қалғанда, одан шығатын «ызың» – нәзiк үнге де көңiл аударған. Жай отырған кездерiнде көңiл-күйлерiнiң ауанына қарай адырнаны жайымен шертiп , оған ыңылдап қосылатын да болған. Адырнаға (iшекке) саусағын қойып, оны жоғары-төмен жылжытса, дыбыс деңгейiнiң өз­геретiнiн де байқаған. Содан келiп, ендi жауға кезенер қару емес, көңiл шерiн тарқатар рухани аспапты ағаштан арнайы жасай бастаған. Тиектi ойлап тапқанға дейiн барлық iшектi аспаптар негiзiнен имек доға түрiнде жасалған. Өйткенi, таза дыбыс шығару үшiн тербелiске түскен iшек ешнәрсеге тиiп тұрмауы қажет. Осылай барлық көшпелi көне тайпаларда олар өздерi қасиеттi де киелi санаған бөрi, арқар, аққу бейне­сiндегi адырна, сазген, қобыз, шертер секiлдi саз аспаптары ежелгi ғасырларда пайда бола бастады.Оған нақты дәлел: Африка құрлығындағы елдер арасында әлi күнге дейiн садақ пішіндідес бiр iшектi (монохорд) аспапты пайдалантындар кездеседi екен.

Дилорам Тауасарова,

  Түркістан облысы, Түркістан қаласы

Тарихи-мәдени-этнографиялық орталықтың қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *