Үңгірдегі мешіт

Үңгірдегі мешіт

17 просмотров

Үңгірдегі мешіт

«Ақ мешіт әулие» үңгірі – Бәйдібек ауданы, Көктерек ауылының жанындағы Қаратау сілемінің бөктерінде, 250 м биіктікте орналасқан. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен аңыздан түсінгенім бойынша, бұл жерде бағзы дәуірде жерасты мешіті болған деседі. Ортадағы алаңнан бірнеше қамалдарға жолдар жалғаған екен. Кейін сол жолдар бітеліп, мешітке адам кіре алмай қалған. Кейін, ХХ ғасырда күмбездің бір бөлігі опырылып, содан үңгірге кіретін саңылау пайда болыпты. Сондай-ақ, қасиетті жерге іретін жол тапқан адамдар бұл орынды әулиелі жерге айналдырған. Ал, келесі бір аңызда осы үңгірде жоңғар шапқыншылығынан бас сауғалау үшін балалар мен қазақ әйелдері мекен етіпті. Қазіргі таңда киелі саналатын орынды көргісі келетіндердің қатары едәуір көбейген. Себебі, үңгірдің өзіндік тылсым сыры көп. Үңгірдің іші қоңыр салқын, салқын леп ұрып тұрады. Оның кереметі сол, ішінде түрлі ағаштар мен өсімдіктер, құстар бар. Үңгірдің ортасында биіктігі 10-15 м, көптеген жылдан бері жиылған қазақта «киелі құс» деп аталатын үкі саңғырығының үйіндісі жатыр.

Сол үңгірде көптеген жылдар бойы өз балаларымен бірге шырақшы болып келе жатқан 70-тен асқан Асқар ақсақалдың айтуынша, бұл құстың саңырығы жүздеген жыл бойы жиналған екен. Кейінгі жылдары үкі үңгір ішінде неше түрлі жұмыстар жүргізіле бастағандықтан ұшып кетіпті. Әулие үңгірдің шырақшысы жасы 70-тен асқандығына қарамастан келген адамдарды ертіп, кем дегенде 5-10 рет мешітке түсіп шығады. Киелі орынның кереметіне сай қария жүріп-тұру кезінде шаршауды білмейтін көрінеді. Сондай-ақ, қасиетті «Ақ мешіт әулие» үңгірі күмбезінің әр жерінен су тамшылап тұрады. Күмбез шаңырақтың қасиетінің арқасында судың тамшылары қысы — жазы тамшылағанымен ауада ешқандай иіс бұзылу, көгеру, шіру деген процесс жүрмейді екен. Айта кетейік, бүгінде киелі мекенге әр елден, еліміздің әр өңірінен көптеген адамдар ағылып келеді. Естелік бойынша: «Жаугершілік қиын-қыстау заманда Есіркеп Қойкелді батыр қалмаққа қарсы қол жинап, ұрысқа дайындалады. Он мың әскерімен аттанар тұста селдетіп нөсер құяды. Сондықтан, жаңбыр астында таңғы намазды оқи алмайды. Сосын үңгірге түсіп, бәрі қатарласа тұрып, намазға жығылады. Үңгірдің кереметтілігіне таң-тамаша болысады. Сарбаздың бірі бұл үңгірді Есіркеп немесе Қойкелді деп атайық деп ұсыныс білдіреді. Сонда, батыр бұл ұсынысқа қарсы болып, «бұл үңгір қасиетті, он мыңнан астам бізге таңғы намазымызды оқуға мүмкіндік берді. Сәждеге бірдей бас қоя алдық. Аппақ тастары да ғажап әсер сыйлайды екен. Бұл жерді Ақмешіт деп атайық, Ақмешіт болсын депті».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *