Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылығы және Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары қоғамдық көлік қызметінің сапасына бақылау жүргізуде. Ондағы мақсат – қаладағы жолаушылар тасымалдау қызметі жұмысының деңгейін анықтау және қоғамдық көліктердегі бағыттардың қала тұрғындарына қызмет көрсету сапасын тексеру.
Кезекті іс-шара барысында Таскен елді мекенінде қызмет көрсететін №15 автобустың жұмысы бақылауға алынды. Осы уақытқа дейін аталған бағыт 6 кестемен, яғни 20 минуттық аралық жиілікпен қызмет көрсеткен болатын. Халықтың өтініші бойынша 12 шілдеден бастап 7 кестеге ұлғайтылып, аралық жиілігі 15 минутты құрайтын болады.
«Санжар моторс» тасымалдаушы мекемесіне қарасты № 65 бағытты тексеру барысында бірқатар кемшіліктер анықталып, тасымалдаушы мекеме басшысына ескерту жасалды. «Т-Bus» тасымалдаушы мекемесіне қарасты №44 қоғамдық көлік тиісті деңгейде қызмет көрсетіп жатқандығы белгілі болды.
Жалпы қаладағы қоғамдық көлік қызметінің сапасын бақылау одан әрі тұрақты жүргізілмек.