ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСТЕР ҚАУЫМЫ!

33 просмотров

Сіздерді 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Демократиялы қоғам орнатуда, мемлекетті дамытуда журналистиканың маңызы зор. Кезінде Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ой түйіндеп, журналистика саласының маңызы тереңде екенін айтқан.
Қазір ақпараттық технология дамып, газет, телеарна радиодан бөлек интернет-сайттары мен порталдардың жұмысы күшейді, жаңалықты жедел ұсынудың жолдары көбейді. Әлеуметтік желілердің өзі ақпарат таратуда маңызға ие болып отыр. Журналистика саласына артылар жүк ауырлап, «төртінші билік» өкілдерінен біліктілік пен шапшаңдық, шынайы отаншылдық талап етілуде.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айындағы Жолдауында «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті» деген болатын. Бұл ретте Түркістан облысының БАҚ өкілдері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, ел мүддесі жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Түркістан облысында 85 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Өңірдегі газеттер мен телеарналар, журналдар мен ақпараттық порталдар және радиоарнадағы журналистер қауымы Жаңа Қазақстанды қалыптастыру, Түркістан облысын дамыту, Түркістанды – Түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытында қарқынды жұмыс істеп жүр. Ашылғанына көп бола қоймаған «Turkistan» телеарнасы да өз көрерменін тауып, республикалық деңгейде мойындала бастады. Күні кеше өңір журналистері Қарағанды төрінде өткен спартакиадада бірнеше спорт түрінен бақ сынап, командалық бірінші орынды еншіледі. Бұл – БАҚ өкілдерінің бірлігі мен рухтарының мықтылығының белгісі.
Біздің отаншыл журналистеріміз өңірдің ақпараттық-идеологиялық саясатын жүргізуге, экономикасы мен әлеуметтік дамуына үлес қосып жүргені ақиқат. Осы еңбектеріңіз бен мамандыққа және ел аманатына деген адалдықтарыңыз үшін алғысымды білдіремін.
Қадірлі БАҚ өкілдері!
Сіздерді төл мерекемен құттықтай отырып, баршаңызға амандық, шаттық, береке, бақыт, шығармашылық шабыт тілеймін! Қазақ журналистикасының мәртебесін көтеріп, халықтың батасын алып, мемлекетімізді дамытуға үлес қоса берулеріңізге тілектеспін! Ақпарат ғасырында асықтарыңыз алшысынан түсіп, абыройларыңыз асқақтай берсін!
Өмірзақ ШӨКЕЕВ,
Түркістан облысының әкімі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.