АҚЫЛЫ ДАРИЯ АБАЙДАН ТАУСЫЛМАС ҚОРЫ КЕН ҚАЛАР…

АҚЫЛЫ ДАРИЯ АБАЙДАН ТАУСЫЛМАС ҚОРЫ КЕН ҚАЛАР…

6 просмотров

АҚЫЛЫ ДАРИЯ АБАЙДАН ТАУСЫЛМАС ҚОРЫ КЕН ҚАЛАР…

Тұп-тура бір жыл бұрын 9 жастағы Ләйлім-Шырақ есімді оқушысы һәкім Абай өлеңдерінен үзінді оқып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа эстафета жолдағаны естеріңізде болар?! Видео үндеуді зор қуанышпен қабылдап алған Мемлекет басшысы кемеңгер ақынның «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінен үзінді оқып, эстафета тізгінін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдады. Әлеуметтік желіде көпшіліктен қолдау тауып, өз жалғасын тапқан челлендж қазақ қоғамының рухын сол уақытта бір серпілтіп тастағаны рас .

«Ақылы дария Абайдан таусылмас қоры кен қалар»-деп Шәкәрім Құдайбердиев жырына қосқан ұлт мақтанышының есімі өміршең. Артында қалған мол мұралары тұнып тұрған тарих һәм тәлім-тәрбие. Сондықтан қазақ халқының ақынға деген құрметі ала бөтен.

ҚР Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз – «Абай күні» болып жарияланғандығынан дүйім жұрт хабардар. Бұл ақынға деген сүйіспеншілік, оған деген құрмет деуге әбден болады. Айтулы датаға орай республикамыздың барлық аумағында ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тойланып, жыл басынан бері түрлі жиындар өткізіліп келеді. Күнтізбелік мерекеге айналған күннің жыл сайын ауқымы кеңейі түсетіндігіне сенім мол.

Сөзімізге дәлел, Түркістан қаласында ұлы ақынның есімін ұлықтауға арналған ауқымы кең шара өткізілді. Қала әкімдігінде өткен онлайн конференция ұлт мақтанышының шығармашылығын дәріптеуге арналды.

«Абай: Ұлттық болмыстың үлгісі» тақырыбы арқау болған басқосуда қала әкімі Рашид Аюпов құттықтау сөзін жеткізді. Әлем әдебиетінің алып тұлғасына айналған Абайдың туындылары ғибратқа толы екендігіне тоқталды.

«Артынан өшпес із қалдырған біртуар азамат – қазақтың дара ақыны. Абайдың 175 жылдық мерейтойы құтты болсын! Оның адалдыққа жетелейтін құнды мұрасын насихаттап, ақын арқылы ұлттық болмысымызды тани аламыз. Сондықтан – мақтан тұтуға тиіспіз»,- деді Рашид Абатұлы.

«Zoom» платформасы арқылы байланысқан ұстаздар мен түркістандық жастар – ақынның қара сөзін жатқа айтып, өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Қатысушылар белсенділігі ескерусіз қалмады, барлығына дерлік арнайы әзірленген сый-сияпат табысталды. Шаһар басшысының алғыс хаты мен марапатқа ие болғандар қатарында «Абай және табиғат» атты  қылқалам шеберлері байқауының жеңімпаздары да бар.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Абайдың 175 жылдығы аясында облыс орталығында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Тағылымы мол кештер онлайн форматта өткен. Атап айтсақ, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына» арналған көркемсөз оқу шеберлері байқауының өтуіне мұрындық болды. Әдеби кеш 18 бен 29 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен ерекшеленді. Мәдениет үйінің қызметкерлері де Абай әндері шырқалып, қара сөздері насихатталған онлайн концерттік шараға ұйытқы болды.

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Абайды оқы, таңырқа…» атты онлайн Абай оқулары, «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты бағдарламасы аясындағы Абай өлеңдері мен қарасөздерін оқу іс-шараларына оқырмандар мен кітапханашылар қатысты. «Отырар» ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің біріне ұлы ақынның бейнесі мен даналық сөзі жазылған мурал салынды.

Тілші түйіні: көне шаһарда енді тек Абайға арналған үлкен ескерткіш орнату жетіспей тұрғандай… Тіптен салынып жатқан саябақтардың біріне Абай есімі берілсе де әбден жарасады. Бұл біздің ғана емес түркістандық тұрғындардың көкейінде жүрген ой.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *