АРДАГЕРДІ АРДАҚТАДЫ

АРДАГЕРДІ АРДАҚТАДЫ

13 просмотров

«Nur Otan» партиясының аудандық филиалы «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында және «Nur Otan» партиясының құрылғанына 21 жыл толуына орай біршама игі істер атқаруда. Осыған орай, «Nur Оtаn» партиясы Ордабасы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бостандық ЖӘКЕЙ және Төрткүл бастауыш партия ұйымының төрағасы Әлішер АЯП бұрынғы «Көкарал» кеңшарының озат шопаны, ауданның Құрметті азаматы Орынбек Рысқұлұлының отбасында болып, арнайы Алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.

Еңбек ардагері тоқсан екі жаста екен, әлі тың. Келгендерді ризашылықпен қабылдады. Өмір жолы жайлы әңгіме өрбітті.1928-жылы Төрткүлде дүниеге келген. Үш жасында — анадан, он бірінде әкеден айрылып, нағашы әпкесі Жұмакүлдің қолында тәрбиеленіпті. Бала кезінен колхозда арба айдап, мал баққан. 1950 жылы Пәкиза Тастанқызымен отау құрған соң, нағашылары Орынбекті өз жұртындағы туыстарымен табыстырады. Ол 23 жасынан қолына қойшының ақ таяғын ұстап, қоғамның малын бағады. Уақыт өте келе саланың нағыз маманы атанды. Еңбек көрсеткішінің жоғарылығы бағаланып, Коммунистік партия қатарына қабылданды. Бесжылдық қорытындысы бойынша әр 100 саулықтан 145 қозы алып, аман өсіргені үшін 1966-жылғы 22-наурызда Ленин орденімен марапатталды. Ал, 1973-жылдың 6-қыркүйегінде әр 100 саулықтан 166 төл өргізіп, «Октябрь революциясы» орденін иеленді. Еңбегі ұдайы ескеріліп, Қазақ КСР-нің «Мал шаруашылығы шебері» атанды. Мерекелік медальдар, Алғыс хаттар қаншама. Озат шопанның тәжірибесін насихаттау мақсатында аудан, облыс мамандары мен шопандарының кездесулері ұйымдастырылды. Монғолиядан делегаттар келіп, озат шопанның еңбегімен танысқанын әсерлі әңгімеледі. Оның 1989-жылы «Еңбек ардагері» атануы да, көп жылғы маңдай тердің жемісі. 1990-жылы алғашқылардың бірі болып «Ордабасы ауданының Құрметті азаматы» атануы да еңбек жеңісінің бір көрінісі.

1988-жылы «Көкарал» кеңшарының басшылығы Орынбек ақсақалға үлкен құрмет көрсетіп, астына ат мінгізіп, иығына шапан жауып, зейнеткерлікке шығарып салды. Шопандық құтты таяғын екінші ұлы Нұрлыбекке тапсырды. Төрткүлдегі Мәдениет үйінде Көпбай, Тәушен, Әселхан ақындар жырдан шашу шашты. Жергілікті өнерпаздар концерт қойып, есте қаларлықтай ісшара ұйымдастырды.

Қазір Алланың берген 4 ұл, 5 қызынан өрбіген 37 немере, 78 шөберенің қызығына бөленіп отыр. Ақсақал қоштасарда еліміздің аман болып, жастардың өсіп-өркендей беруін, өмірлерінің бақытты болуын тілеп, бата берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *