АЗАМАТ АЖАРЫ

АЗАМАТ АЖАРЫ

65 просмотров

АЗАМАТ АЖАРЫ

Өзін де жанындағыларды да жақсы көңіл күймен баурап алатын, жүзіне қарағандарды бір-екі ауыз жылы сөзімен жадыратып жіберетін жандардың бірі Досжанов Сабыр Әбубәкірұлы. Ақкөңіл, ақжарқын деген әдемі теңеулер бүгінде 60 жасқа қадам басып отырған Сабыр әріптесімізге арналғандай.

Түркістан қаласы мен ауданына белгілі өнегелі отбасы Әбубәкір әке мен Зұбайра ананың өсірген ұл-қыздарының қай-қайсысының да текті тәрбиемен сусындап өскеніне куә боласың. Барлығы дерлік жоғары білім алып, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрсе, Сәкең жауапкершілігі мол құрылыс саласында тер төгіп келеді.

Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, түркі жұртының түп мекені Түркістан қаласында 1960 жылы 17 тамызда туылған Сабыр Досжанов 7 жасында мектеп табалдырығын аттаған. 1975 жылы қаламыздағы С.М.Киров (қазіргі Әмір Темір) атындағы орта мектептің 8 сыныбын ойдағыдай аяқтап, орта кәсіптік-техникалық училищеде оқуын жалғастырады. Жастайынан құрылыс саласына ден қойған ол 1978 жылы Шымкент қаласындағы қазақ химия-технология институтына құжаттарын тапсырып, 1983 жылы жоғары мамандық иесі атанды. Жалынды жастық шақтың студенттік алтын дәуірінде барлық тірлікте епті, оқуда озат замандас-құрдастары арасында ерекше қабілетімен көзге түсті. Осылайша 5 жылды артқа тастаған ол 1984 жылы қаламыздағы құрылыс бөлшектері мен конструкциялары комбинатында алғаш еңбек жолын бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ағаш өңдеу мекемесінде, 1995-1998 жылдары «Университет-стройда» жұмысын жалғастырып, тәжірибе жинақтады. 2001-2005 жылдары аралығында рудасыз материалдар комбинатында асфальт-бетон шығару цехының бастығы болып жемісті еңбек етті. Оның жастықтың отын жалындатып, үнемі ізденіс пен алға ұмтылған еңбек жолы кімге де болсын үлгі-өнеге. Жаспын деп жасқанбай, оқу, ізденіспен болашаққа деген ұмтылысы оны өмір жолында кездесер қандай да бір қиындықтан алып шығып, алыс армандарға қол жеткізуге жетеледі.

Сабыр Досжанов осындай іскерлік қабілеті арқасында 2005 жылдан бастап осы күнге дейін қала әкімдігінің құрылысы бөлімінде бас маман, «Түркістан Жарық-Тазалық» мекемесінің бастығы, соңғы бір-екі жылдың көлемі болды қалада жаңадан ашылған «Түркістан жол қызметі» КММ директоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Өзінің парасатты басқарушылық қабілеті мен тыңнан жол таба білетін біліктілігінің арқасында өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қоятын зиялы азаматтың еңбегі бағаланып, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, ҚР өндірістердің рейтингісінің қорытындысы бойынша «Слава Казахстана» орденімен, ҚР Президентінің «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен, Ордабасы ауданының 55 жылдығына орай аудан әкімдігінің «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Осындай биік шыңнан көрінуіне кезінде әріптес болған замандас досы, Түркістан қаласының бұрынғы әкімі, марқұм Әліпбек Шәріпбекұлының ақыл-кеңестері Сәкеңнің өмір жолында көп көмегін тигізді. Бүгінде өзімен бірге қызмет етіп келе жатқан әріптестері де, бөлімдегі барлық қызметкерлер де білікті басшының ұйымдастырушылық қабілетінің ерекше екенін алға тартады. Ұжым мүшелері ең бірінші жауапкершілікпен жұмыс істеуді талап ететін, әрдайым басшы ретінде қамқорлығын көрсетіп жүретін көрегенді жанның еңбегін ерекше бағалайды.

Өз қарамағындағы қызметкерлердің қай-қайсының да тілін табатын, айтатын ескертуді әзілдеп, астарлап жеткізе білетін Сабыр Әбубәкірұлының өмірлік жары Миржаһан Әлиқызымен 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардың жақсы білім алуларына жағдай жасады. Бүгінде перзенттері өмірде өз орнын тапқан, олардан 7 немере сүйіп отырған бақытты отбасы. Түркістан облысы орталығының қарқынды құрылысына өзінің қажымас күш-жігерін жұмсап, түркілер төрінің күннен күнге шырайлы шаһарға айналуына үлесін қосып келе жатқан Сабыр Досжановтың 60 жылдық мерейтойымен құрылысшылар күнімен тұспа-түс келіп отыр. «Алпыс – тал түс» дейді дана халқымыз. Ендеше қаламыздың өркендеуі мен халқымыздың игілігі жолында әлі де талай тындырымды тірліктер атқаратынына сенім білдіріп, мерейлі 60 жасыңыз құтты болсын дейміз.

Мұхамедәлі ҚОРҒАНБАЕВ,

Түркістан қалалық мәслихатының депутаты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *