"Бабтардың бабы"

«Бабтардың бабы»

12 просмотров

"Бабтардың бабы"

Арыстан баб кесенесі – көне Отырар жеріндегі сәулет өнерінің тамаша ескерткіші. Ол жерге барған адамның ерекше әсер алатыны белгілі. Өңірге аяқ басқан кез келген турист оңтүстік өңіріне саяхатын осы киелі орыннан бастайды. Қазіргі кезде бұл кесене мұсылман халқының Орталық Азиядағы қажылық міндетті өтейтін киелі жерлерінің бірі болып саналады. Бұл кесене Түркістан халқының арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстан баб ата қабірінің басына салынған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі 12 ғ. шамасында қойылған. Сондай-ақ, мазар 14 ғасырда қайта жөнделген. Содан кейін, кесене 20 ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпіштен ауданы 35×12 м, биіктігі 12 м, бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталып, солтүстік жағы кесене, оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жөнделген. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген. XVIII ғасырда құрылыс қиратылып, фриз жазбалары бойынша 1909 жылы қайта салынады. Сондай-ақ, 1971 жылы жоғары деңгейдегі грунт сулары салдарынан мешіт құлатылып, қайта орнатылған. Құрылыс алебастр ерітіндісінде күйдірілген кірпіштен қабырғаның сырт жағына салынған.

Арыстан баб туралы: «Аңыз бойынша Арыстан баб Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың елшісі болған. Бір күні Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған еді. Бір құрма қайта-қайта ыдыстан құлай беріп, пайғамбар ішкі дауысты естіді: «Бұл құрма Сізден кейін 400 жыл алдағы уақытта туылатын мұсылман бала Ахметке арналған». Сонда пайғамбар шәкірттері ішінен бұл құрманы кім иесіне жеткізетінін сұрайды. Ешкім сұранған жоқ. Пайғамбар сұрақты қайта қойғаннан кейін, Арыстан баб былай деді: «Егер Сіз Алла Тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз мен бұл құрманы иесіне жеткіземін», — делінген бір аңызда. Халық аңыздарынан және жазба деректеріне қарағанда Арыстан баб Ахмет Яссауидің ұстазы болып құрманы жеткізген екен. Сондай-ақ, Отырар өңірінде мен естіген аңыз байынша Арыстан баб дүние салған соң, оның денесін ақ бураға артып, еркіне жіберіп, соңынан ілесіп отырған. Ақ бура жүре-жүре осы жерге шөккен екен. Сол шөккен жерге Арыстан баб мазары қойылыпты. Арыстан баб туралы аңыздар бұл ғана емес. Оның қасиетті екені, Алпамыс батырды құдайдан тілеп, әке-шешесінің осы кесенеге зиярат еткені және т.б. ерекшеліктері туралы аңыздар әдебиет пен тарихта сақталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *