ДҮНИЕНІҢ ТЫЛСЫМ СЫРЫН АҚЫНДЫҚПЕН ҰҒЫНҒАН

ДҮНИЕНІҢ ТЫЛСЫМ СЫРЫН АҚЫНДЫҚПЕН ҰҒЫНҒАН

11 просмотров

ДҮНИЕНІҢ ТЫЛСЫМ СЫРЫН АҚЫНДЫҚПЕН ҰҒЫНҒАН

«Естен кетпес есімдер» айдарының келесі кейіпкері дүниенің тылсым сырын ақындықпен ұғынған тұлға жайлы. Түркістандық ақындар жайында айтыла қалса Өмірбай Сәуірбаевты атамай кету мүмкін емес. Өмірдерегіне үңілсек, ол 10-сынып оқып жүргенінде сырқаттанып, тағдырдың жазуымен бес жыл төсек тартып жатқан көрінеді. Өлең жазуға деген құлшынысы да осы кезеңнен басталған. Ақындық әлемді ұғынып, жүрек тебірентер салмақты ойларымен түрлі тақырыпта қалам тербеген.

Түркістан қаласында 1946 жылдың 17-қыркүйегінде қарапайым отбасында дүниеге келген азамат 1996 жылдың 10-қыркүйегінде фәни дүниеге аттанған. Көзі тірі болғанда биыл 73 жасқа қадам басқан болар еді. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, ақын жауһар жырларын соңынан өшпес із қылып қалдырды. Саналы ғұмырында көштен қалмай ел үшін еңбек еткен жан өнер саласына өмірін арнаған. Саттар Ерубаев мұражайының директоры, Түркістан ауданы мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып қызмет атқарған.

Өмірлік серігі Үміткүл Айтбайқызымен 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген. «Ұрпақтары бүгінде өсіп-өніп 16 немере, 7 шөбере өрбіген әулет атандық» – деген тұңғыш ұлы әкесі жайлы естеліктерімен бөлісті.

«Әкемнің денсаулық жағдайына байланысты бауырларыммен нағашыларымыздың, туған-туыстарымыздың шаңырағында жиі болдық. Бұған анамды жазғырғандай болатынбыз. Сөйтсек, өмірбақи әкемнің жағдайын жасап өтіпті ғой жарықтық. Оған өзіміз үйлі-жайлы болғанда көз жеткіздік. 2006 жылы әкемнің 60 жылдығы кең көлемде тойланды. Еске алуға Қасымхан Бегманов бас болып, жыр мүшәйрасы, ақындар айтысы өтті. Ас беріліп, әруағына Құран бағышталды. «Аманат» кітабы сол уақыттағы қала әкімі Әли Бектаев, қала әкімдігі мен жеке кәсіпкерлер көмегімен жарық көрді. Есімін ескерусіз қалдырмас үшін 75 жылдығы тойланады деген жоспар бар»,- деді Қанат Өмірбайұлы.

Ақынның «Сырымды айтам адамдар» (1974 ж), «Ақ дидарыңды көргенде» (1977 ж), «Ардағым» (1979 ж), «Өмірсерік» (1986 ж ), «Аманат» (1996 ж) өлең жинақтары жарық көрген. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарда «Түркістан» атауы берілген газетіміздің 1986 жылдың 28-қаңтар күнгі №13 (6990) санында (ол кезде «Коммунистік еңбек» газеті еді) «Әдебиет пен өнер» айдарымен жарық көрген ақынның шығармашылығынан үзінді ұсынсақ. Өміршең өлеңдерімен жалғанға сыр шерткен ақынның «Өлеңге» атты жыр-шумақтары былайша тізбектелген:

Неге сені жазбасам тұра алмадым,

Өзің болып алдың ба бір арманым.

Сан қыспаққа түскенде тіршілігім,

Сені сірә есімнен шығармадым.

Жатпаса да жарытып ісім өніп,

Менің күткен ет жақын кісім едің,

Түсінбесе өзімді кейбір пенде,

Шүкір сені жүрекпен түсінемін.

Сенсің атақ, даңқ та, абыройым,

Өзің ем боп өмірде қалу ойда.

Түніменен тартамын азабыңды,

Отырамын түнеріп қалың ойда.

Серікбай Ибадуллаев ақынмен етене жақын араласқан жандардың бірі. Қаламыздағы бұрынғы Суворов көшесін Өмірбай Сәуірбаев аталуына бастамашы болып, оған құрмет ретінде көшеге ақынның бюстін орнатқан. «Өмірбаймен 1980-жылдары Қален Тәтібаев ағам таныстырған болатын» – деген азамат көз көрген ақынды арманы көп ой-толғанысы өзгеше, өмір сүруге құштар тұлға еді деп еске алды.

– 1984-жылдары Балтакөл совхозында парторг қызметін атқарып жүргенімде келіншегі екеуінің үйіме келгені бар. Райымбек деген шопанның ұлына Өзипа есімді қарындасын тұрмысқа беріп, бауырының жағдайын білуге келген кезде шаңырағыма қонақ болған-ды. Осылайша бір-екі жылда құдаларына келіп жүріп, жақын араласып кеттік. Өмірбайдың мүгедектерге арналған запорежец автокөлігі болатын. Себебі денсаулығы мәз емес еді. Бірде қалада кездесіп Саттар Ерубаев, Сұлтанбек Қожанов, Мырзахан Пошанов жайлы білген тарихи оқиғаларды айтып мені музейіне апарғаны бар. Әсіресе Сапарбай болыс пен Бектұрсын Қалаби жөнінде біраз оқиғаларды білетінін, бірақ олар туралы жазуға, айтуға Кеңес үкіметі заңдарына сай рұқсат жоқ екенін айтып қиналып қоятын. Өмірбайдың әңгімелерін еске алып мен Түркістанда қала әкімінің орынбасары кезімде аталған екі көшеге комиссия шешімімен көше атауын бердік. Сол жылдары Өмірбайдың атына да өзінің әкесі тұрған үйге жақын көшеге ақынның есімі берілді. Академик Рахманқұл Бердібаев ағамыз ақын өмірдің қиыншылығын көп көрген, төсек тартып жатып өнегелі өлең жазған азаматты ұмыт қалдыру ұрпаққа сын, сол көшеге ескерткіш қойса да жарасады деген лебізін білдіргені бар. Үстіміздегі жылы дуалы ауыз, абыз ағам Рахманқұлдың сөзі көптен көңілде жүрген ұсынысы іске асып, көшеге ақын ескерткішін орнаттым. Ендігі тілейтінім ұрпақтарына өмір берсін, – деді Серікбай Ибадуллаев.

P.S: Расында Ұлы дала топырағынан шыққан ақындардың Отанға, жарына, отбасына деген махаббат тақырыбын жырына арқау етуі өмірді басқа қырынан тануға септігін тигізетіндей. Қала кітапханаларында әдебиет әлемінің алыптарының шығармашылығын насихаттауға арналған әдеби кештер өткізілуі дәстүрге айналған. Түркістандық ақындардың жарқын бейнесін дәріптеп, есімдерін ескерусіз қалдырмау үшін ақындар бұрышы жасалған. Нақтырақ, «Абай» атындағы орталық кітапханадағы Өмірбай Сәуірбаев бұрышынан ақынның өмірбаяны жайлы ақпарат алып, кітаптарын көре аласыз.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *