Домалақ ана кесенесі

Домалақ ана кесенесі

33 просмотров

Домалақ ана кесенесі

Шын есімі Нұрила – есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі. Түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі. Ол 1378 ж Түркістан қаласында өмірге келген. Атасы Мақтым Ағзамның өсиетімен Домалақ ана он тоғыз жасында (1397) Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Ел ішіндегі деректерге қарағанда, оған «Дихнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара Хайдар деген кісі қойған. «Дихнат мама» – парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағына береді. Одан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылымен ерекшеленіп, ел билеген. Жарықшақ деген ұлы Жетісу өлкесінің ұлысбегі болған.1429 ж. Уәйіс хан қайтыс болып, әке тағына ұлы Есенбұға отырады. Сол күннен бастап Жарықшақ Есенбұға ханның бас уәзірі болады. Домалақ ана өмірінің соңғы жылдары Ташкент қаласында өтеді. Алайда ері Бәйдібектің түсінде берген аяны бойынша, өздерінің ескі қонысы Қаратауға барып тұруға қамданып, жол шегеді. 1456 жылдың жиырма сегізінші мамырында көш Балабөген өзенінің жағасына жеткен кезде Домалақ ана сол жерде намаз оқып тұрып көз жұмады. Өзінің тілегі бойынша Домалақ ана сол жазыққа жерленеді. Басына тұрғызылған кесенесі бірнеше рет бұзылып, қайта өңделген. Бірінші рет, немересі Дулат Бұқарадан Абдулла Шери ұстаны алдырып 1456 жылы кесене там тұрғызған. 1957 жылы жаңартылған кесене де көп уақыт сақталмаған. 1996-1997 жылдары жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен белгілі сәулетші Сайын Назарбекұлының жобасы негізінде тұрғызылған. Жаңа кесененің салынуымен, кесене алғашқы көрінісінен түгел өзгеріске ұшыраған. Маңғыстаудан арнайы әкелінген ақ таспен жаңадан 12 метр биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, негізгі бөлігінің үстіне күмбез орнатылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *