Домбыра күні – ұлттың үні

Домбыра күні – ұлттың үні

40 просмотров

Домбыра күні – ұлттың үні
24.kz

Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым ғой! Домбырада айтылатын әр әннің сөзі қандай, сазы қандай десеңізші?! Тыңдап отырғаныңда бір күрсінтіп, бір мұңайтып, мың түрлі әсерге бөлейтіні бар. Оның құдіретті үнін естігеніңе шүкірлік етесің. Домбыраның иесі қазақ болып туылғаныңа тәубе дейсің. Ұлтымызбен жасасып келе жатқан төл аспабымыздың нақты шығу тарихы туралы ақпараттар жоқтың қасы. Ғалымдар IV ғасырда Хорезм мен Жамбылда жүргізілген археологиялық зерттеулерде табылған тасқа қашалған қос аспаптың суретінен кейін домбыраны тас дәуірінде пайда болуы мүмкін деп болжайды. Ал ғалым Кемел Ақышев болса, б.з.б 4000 жыл бұрын салынған домбыраның суретін тапқан. Яғни, содан бергі уақытты есептеп қарағанда домбыраның кем дегенде 6 мың жылдық тарихы бар деседі. Өткен жүз жылдықта ұлы халық композиторы Құрманғазымен бірге Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап секілді саңлақ күйшілер дүйім жұртты аузына қаратқан. Олардың арқасында домбырада тартылатын күйлердің музыкалық формасы үздіксіз жетілдіріле түсті. Домбыраның техникалық мүмкіндіктері артқан сайын домбыра тарту өнері де едәуір өрге басып, байи түсті. Қазақтың ұлттық брендіне айналған домбыраны төрткүл дүниеге танытқан қазақ дегенде, ең алдымен, ойға Әміре Қашаубаев оралады. Осыдан 94 жыл бұрын қазақтың ұлы әншісі Париж төрінде домбырамен ән салып, Еуропа халқына ұлттық аспапты паш еткен еді. ЭКСПО аясында өткен бүкіләлемдік байқауда зор дауысымен көрермендерді тәнті еткен Әміре екінші орын алып, күміс медаль иеленді.

ХХІ ғасырда киелі аспапты әлемге танытып жүрегн талантты қазақтың бірі – Асылбек Еңсепов. Күйшінің алғашқы ұстазы – әкесі болған. Франция, Қырғызстан, Түркия елдерінде өткен байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Осылайша қазақтың қара домбырасын әлемге танытты.

Ал енді, қазақылығыңызды дамытып, домбыра құрамын біле жүріңіз. Адамның ойлау қабілетін дамытуда осы аспаптың да қосар үлесі өте зор екен. Домбыра әр түрлі үлгіде тұтас ағаштан ойылып, немесе құрап жасалады. Ахмет Жұбановтың айтуы бойынша «домбыра» сөзінің шығу тарихы «қозы құйрық» сөзімен байланысты «дунбаһ» және «бурра» деген қос араб сөздерінен дүниеге келген. Расымен де, бұл музыкалық аспаптың пішіні конус секілді, яки қозының құйрығы сияқты аяқталады. Негізінен үш бөліктен тұрады. Бас бөлігі, мойыны және шанақ. Басында құлақтары бар және шайтан тиегі бар. Мойнына он тоғыздан жиырма екі санына дейін пернелер байланады. Шанақта тиек, ойық, ілгек орналасады. Құлағы ар найы күйге келтіріліп, дыбыстар шығарылады. Домбыраның екі ішектісінен басқа

үш ішекті, қос жақты, кең шанақты, қуыс мойын, шіңкілдек деп аталатын түрлері бар. Даусы майда, қоңыр, құлаққа жағымды келеді.

Психологтардың айтуы бойынша, баланың ойлау қабілеті мен есепке жүйріктігін, есте сақтау қабілетін арттыру мен фантазиясын дамытуда домбыраның үлесі зор екенін жиі айтады. Себебі саусақ ұшындағы нүктелердің қимылы миға құлақ арқылы жетіп, адам баласын жан-дүниесін түгелдей оята алады екен.

Мемлекет басшысы Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев бір сөзінде: «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан, мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет», – деген бір сөзінде, осы бастама жүзеге асып жатса құба-құп болар еді.

Енді Ұлттық мереке туралы айтсақ, шілденің алғашқы жексенбісін ұлттық аспабымыздың төл мерекесіне айналдыру туралы шешім Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2018 жылдың 13 маусымда белгіленген болатын. Елбасы ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыру мақсатында осындай қаулы шығарған еді. Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі қазақ халқын ерекше қуантты. Жағымды жаңалық жүрегімізге жылы ұялап, жанымызды жадыратты. Домбыра күнінің мерекеге айналуы — көнеден жеткен асыл қазынамызға, ұлттық мұрамызға берілген лайықты баға деп білеміз. Домбыра күнінің белгіленуі бұл жайдан-жай емес. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі болмақ. Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар бой көтеріп, көптен бері қолдау таппай жүрген игі дүниелер қайта жаңғыруы ғажап емес. Биылғы шілде айының бірінші жексенбісі 5 шілдеге тура келіп тұр. «Жаздыкүні шілде болғанда…» деп Абай атамыз айтқандай, «көкорай шалғын, бәйшешек, ұзарып, өсіп, тол-ғанда» бүкіл қазақ даласы күмбір-күмбір күй төгіп, көктегі күн нұр төккей, домбырасын қолға алып, әуелете ән салса, шіркін…

Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс.

Домбыра күні – ұлттың үні

А.Рахимжанова,

Түркістан облыстық тарихи-мәдени-этнографиялық орталық қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *