ХАЛЫҚТЫҢ ҰЛЫНА АЙНАЛДЫРҒАН АЛПЫС КӨКТЕМ

ХАЛЫҚТЫҢ ҰЛЫНА АЙНАЛДЫРҒАН АЛПЫС КӨКТЕМ

10 просмотров

ХАЛЫҚТЫҢ ҰЛЫНА АЙНАЛДЫРҒАН АЛПЫС КӨКТЕМ

Өмір жолын өнегеге айналдырып, төккен терімен, ғаламат еңбегімен халық жүрегіне жол салатындар шоғыры ат төбеліндей. Содан да мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік ұғымы ұлттық санамызда тереңдеп қалыптасқан. Ал сондай ілгері шығып, бабы мен бағы қатар шапқан кіл жүйріктің бірі белгілі ақын, сазгер Әкім Ысқақ десек жалған айтпаған боламыз.

Жалған болмайтыны Әкім ағаның дара жолы, бөгенайы бөлек келбеті ел жүрегінде сайрап тұр. Барлық еңбегін жіпке тізген маржандай баян етсек айтып тауыса алмасымыз белгілі. Дейтұрғанымен сан салалы бағыттарда таңдай қақтырған еңбектерінің бірерін айта кетейік. Атаулы еңбектер күн нұрындай шуағын шашып, алып бәйтеректей саясын төгіп келеді. Жемісін беріп те жатыр.

Әкім аға қоғам қайраткері ретінде жарқын бейнесін қалыптастырды. Ондағы егей жетістіктері қатарында Қазақстан парламентаризмінде тұңғыш қазақ тілінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңын жазған депутат болып тарих сахнасында аты қалғанын, көптеген қандастарына қормал да, қорған да бола біліп азаматтық, баспана алып бергенін айтқан жөн. Сонымен қатар қыруар қоғамдық жұмыстарда да көл-көсір білімін көрсете білді. Сазгер ретінде жанға қуат беріп, рухани күш сыйлайтын нәрлі әуендер жазды. Нақтылап айтқанда “Көк тудың желбірегені», «Соңғы вальс» әндері үздік деп танылып жүлделі орындардан көрінді. Сондай-ақ, «Әнші қыз», «Елге сәлем», «Қазақ тілі» бастаған көптеген әндері тыңдармандар көңілінен шығуда. Ақын, журналист ретінде қаламұшымен тыңнан сүрен салды. Қызыл тілді бабына келген қылыштай қылпылдатты. Содан да 1989 жылы Самарқандта өткен Орта Азия және Қазақстан жастары өнер және поэзия фестивалінің лауреаты, республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты (1985 ж), С.Ерубаев атындағы жастар сыйлығының лауреаты атанды. Ал «Лениншіл жаста» жарияланған «Ерте есейген қыз», «Темір табыт», «Генерал Сабыр Рақымов», «Асқаровтың кадры», «Атамекен, елім бармысың?» атты өткір материалдарының нәтижесінде Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атағына лайық танылған жүйріктігі оқырман есінде.

Міне, осылай пайымдай берсек жеткен биіктігі мен асқан сеңгірі жетіп артылады. Қатарында «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», Моңғолияның «Шыңғысхан» медальдарының иегері қатарлы атақ пен даңқтары көп-ті. Осының бәрі бекерден бекер, құрдан-құр берілмегені ақиқат. Айтуға оңай болғанымен оның артында үлкен еңбек жатыр. Қажымас қайрат, талмас жігер бар. Енді бір сөзбен айтқанда 60 көктемнің жеңісті әрі жемісті нәтижесі.

Көзді ашып жұмғанша жарты ғасырдан астам уақыт аттай аунап өте шықты. Ел игілігі үшін ат арытып, тон тоздырып келе жатқан Әкім Ысқақ 60 жаста. Өзінің жүректен шыққан жырларымен талай жүрекке жол тапқан, дара жол салған азаматтық істері мақтауға лайық. Алпыс көктемінің кедір-бұдыр сүрлеуіндегі ерен еңбектері Абай айтқан әкенің ұлы емес халықтың ұлына айналғаны анық. Содан да алқауын алқалы жұрты айтып-ақ жатыр. Ақынды мерейлі алпыс жасымен, келіп жеткен туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Сіз салған жолменен бақытқа қол созар шәкірттеріңіз өнегелі ізіңізді жалғай берсін. Халық жүрегіндегі есіміңіз бүгін де, ертең де емес, мәңгілікке жол алғай. Сөз соңында деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, ісіңізге берекет тілейміз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *