ОНЛАЙН ЖАРАМАЗАН: «БІР САҒАТТА 20 МЫҢ ТЕҢГЕ ТАПТЫМ»

ОНЛАЙН ЖАРАМАЗАН: «БІР САҒАТ ІШІНДЕ 20 МЫҢ ТЕҢГЕ ТАПТЫМ»

262 просмотров

ОНЛАЙН ЖАРАМАЗАН
ашық дереккөз

  Елдегі төтенше жағдай халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға үлес қосты. Карантиннің кесірінен жұмыссыз қалған азаматтарға берілетін 42500 теңгені құрайтын көмекті аламын деп арпалысқан адамдардың қарасы қалың болғаны жасырын емес. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» демекші ауру үшін алаңдамай, банктердің алдындағы жүздеген адаммен қатар тұрып кезек күткен жанның бұл ісі ерлікпен пара-пар дерсіз. Жәрдемақы алу үшін өтінім беру мен ЭЦҚ алу онлайн орындалып, тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚО) табалдырығын тоздырмай-ақ тірлігін тындыруға болатынын түсінді.

  Жә, біздің айтайын дегеніміз бұл емес. Індеттен сақтану барысында адамдар көп шоғырланатын орындарының жұмысы уақытша тоқтағаны белгілі. Сондай-ақ, себепсіз үйден шығуға тыйым салынып, тәртіпке бағынбағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылуда. Бұрындары рамазан айы басталғанда ақшамнан кейін балалар үй аралап жарамазан айтатын. Карантиннің салдарынан биыл бұл үрдіс үзілген секілді. Бірақ бұндай тығырықтан шығудың жолын бүгінгінің балалары тапқан. Себебі, қазіргі таңда әрбіріміздің ұялы телефонымыздағы мессенджерлерге онлайн жарамазан айтқандарды  кезіктіруге болады. Соның бірі Түркістан қаласының тұрғыны Индира Кәрібай. Ол өз жақындарына ватсап желісі арқылы жарамазан айтып, бір сағат ішінде 20 мың теңге тапқан.

ОНЛАЙН ЖАРАМАЗАН ОНЛАЙН ЖАРАМАЗАН: «БІР САҒАТ ІШІНДЕ 20 МЫҢ ТЕҢГЕ ТАПТЫМ»

«Биыл көшеде жарамазан айтып жүрген бала көрмедім. Бәрі де карантиннің салдары ғой. Кешкісін ойламаған жерден ватсапта әпкемнен жарамазанның мәтіні келді. Онда рамазан айымен құттықтап, сөздер өлеңмен өрілген. Ал,  ақша беремін десеңіз банктің чет нөмері де жазылған екен. Мұны көшіріп, өзімнің банктегі чет нөмірімді жазып смс-ті достарыма, туыстарыма, жақындарыма жібере бастадым. Артынша достарымнан ақшалар аударыла бастады. Бір сағат көлемінде бірі 100 теңге берсе, енді бірі 1000 теңгеге дейін жолдады. Жарамазанның арқасында көптен бері сөйлеспей жүрген жандармен тілдесіп хал-жағдай сұрастық. «Ойдан ой туады» демей ме? Алдағы уақытта қазақтың ұлттық аспабы домбырамен сүйемелдеп, жарамазан шырқап видео түсіру ойда бар. Жиылған жалпы қаражатты қасиетті айда мұқтаж жанға табыстаймын», — дейді Индира Сейдуллақызы.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Аймақ».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *