ОРДАБАСЫ АУДАНЫ КӨКПАРДАН ОБЛЫС ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

ОРДАБАСЫ АУДАНЫ КӨКПАРДАН ОБЛЫС ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

41 просмотров

ОРДАБАСЫ АУДАНЫ КӨКПАРДАН ОБЛЫС ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Шымкент қаласының атшабарында, Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінің ұйымдастыруымен, көкпардан жастар (1999-2002 ж.т) арасындағы Түркістан облысы чемпионаты және Кеңес Одағының 7 дүркін жеңімпазы «Шымырбай Әуезбаев» атындағы облыстық ІІІ турнирі өтті. Аталмыш қос сайыстың негізгі мақсаты: бір жағынан әйгілі көкпаршының ерен еңбегін жас шабандоздардың бойына дарыту болса, екінші жағынан, талантты жастарды іріктеп, ел чемпионатына баратын облыстың үздік құрамасын жасақтап шығару. Сөз басында бұл жарыстың Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, сондай-ақ Түркістан облыстық көкпар және ат спорты федерациясының қолдауымен өткенін айта кеткіміз келеді.

ОРДАБАСЫ АУДАНЫ КӨКПАРДАН ОБЛЫС ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ


Сонымен, қазақ көкпарының аңызы Шымырбай ақсақалдың ақ батасымен шымылдығын түрген жастар арасындағы додаға, облысымыздың 7 командасы, яғни Түлкібас, Сайрам, Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес және Ордабасы аудандарының құрамалары қатысты. Өзара айналым жүйесі бойынша бір-бірімен бақ сынасқан командалардан, жартылай финалға Қазығұрт пен Төлеби, Ордабасы мен Келес аудандары өтті. «Қазығұрттан» айласын асырған Төлеби шабандоздары ақтық сынға жолдама алды. Ал «Келестен» басым түскен «Ордабасы» оғландары финалда төлебиліктерге қарсылас болды.
Ақтық бәсеке өте тартысты өтті. Алғашқы таймда «Төлеби» жастары жауапсыз 3 салыммен Ордабасыны ойсырата жеңген. Көпшілік Төлебидің бұл басымдығына қарап сөзсіз жарыс жеңімпазы деп болжап үлгерді. Бірақ екінші тайм мүлде басқаша басталды. Алғашқы минуттардан-ақ ордабасылық шабандоздар көкпарға қожалық етіп, бірінші таймның қарымтасын қайтарып тастады. Есеп 3:3! Ойынның аяқталуына әлі 10 минут бар. Енді төлебиліктер ес жиып, қайта күшке мінді. Қарымды шабуылмен серкені тақымға басып, талас-тартыстың арасынан сытылып шығып, есепті еселеп кетті: 4:3. Дегенмен басымдық бәрібір Ордабасы ауданында еді. Әсіресе жекпе-жектерде шапшаң қимылмен, қарсыласынан бұрын серкені жерден тез іліп қашуға, ал жаппай текетірестерде серкені қолдан-қолға өткізіп, қарсыластарын айналып өтуге машықтанған ордабасылықтар чемпионға лайық ойын мәнерін көрсетті. Осындай командалық комбинациямен олар «Төлебиге» 2 салым салып, есепті 4:5-ке шығарды. Футбол тілімен айтсақ «камбэк»! Ордабасы — облыс чемпионы атанды. Төлеби күмісті қанағат етті.
Үшінші орын үшін болған бәсекені «кіші финал» болды десек, артық айтқандық емес. Ә дегеннен Келес ауданы 2 салым салып, Қазығұрт шабандоздарын тойтарып тастағанмен, тау жастары жауабын тез берді. Есеп 2:1. Содан соң көкпар алма-кезек салымдармен жалғасты. Тағы да Келес салды: 3:1. Ізінше Қазығұрт есепті айырмасын қысқартты: 3:2. Осы нәтижемен бірінші тайм аяқталды. Екінші таймда, басымдықты толықтай қолға алға Қазығұрт ауданы келестіктерден айласын асырып, 3:4 есебімен, осы жарыстың 3 орынын жеңіп алды.
Сонымен жарыс қорытындысы төмендегідей нәтижелерді көрсетті:
1 орын – Ордабасы ауданы,
2 орын – Төлеби ауданы,
3 орын – Қазығұрт ауданы. Сонымен бірге, арнайы тағайындалған номинациялар да өз иелерін тапты:
«Үздік шабандоз» — Ерген Айдос (Ордабасы ауданы).
«Үздік салымшы» — Асқаров Нұрлыбек.
«Үздік төреші» — Омаров Нүркен.
«Үздік сәйгүлік» — «Месси» (Ордабасы ауданы). Жарыс соңында Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінің директоры Ғани Молдабекұлы Ахметбаев мырза, жеңімпаздарды құттықтап, жарысқа қатысқан барша командаларға алғыс білдірді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *