
Бәріңізге мәлім биыл наурыз айында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында Праймериз өткізу ережелерінің жобасы мақұлданды. Ал өткен аптада Елбасы праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды. 5 маусымда «Nur Otan» ресми сайтында партияның Саяси кеңесі бекіткен партияішілік іріктеуді өткізудің ережесі жарияланды. Осы арқылы «Nur Otan» партиясы халық арасында беделді, қазақстандықтар жақсы танитын, құрметке бөленген, партиялық-саяси салада жұмыс тәжірибесіне ие үміткерлерді анықтап, оларды Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауында партиялық тізіммен ұсынатын болады. Демек, ішкі партиялық іріктеу – уақытылы шара.
Жалпы, «праймериз» термині бастапқы және бастапқы сайлау дегенді білдіретін ағылшын тіліндегі primaries, primary election сөздерінен туындаған. Көбіне, ол сайлауға түсетін партиялардың өз ішінде кандидаттарды іріктеп алуын білдіреді. Әлемде оның өзге де атаулары кездеседі. Мысалы, Австралияда «pre-selection», АҚШ-та «primary election», Канадада «nomination contests», көрші Ресейде «предварительное голосование» деп аталады.
Алғаш рет праймериз XIX ғасырдың 40-жылдарында Америка Құрама Штаттарында сынақтан өткізілді. 1903 жылы оны Висконсин штаты заңдастырған. Қазіргі уақытта Еуропа, Азия, Латын Америкасының көптеген елі осы озық тәжірибені қолданады. АҚШ-тың Республикалық және Демократиялық партиялары, Германияның Христиан демократиялық одағы, Ұлыбританияның Консервативтік және Лейбористік партиялары, Мексиканың Институционалдық революциялық партиясы, Канаданың Либералды партиясы секілді танымал саяси күштер праймериз институтына ұдайы жүгініп келеді. АҚШ пен Канадада барлық жетекші партия осы бастапқы таңдау тетігін пайдаланады.
«Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидаты бойынша 2020 жылғы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында бүкіл республика көлемінде өтетін праймеризде тек бастауыш партия ұжымы ұсынғандар ғана емес, елдің бүгіні мен ертеңіне алаңдаған кез келген белсенді қазақстандық үміткер бола алады. «Nur Otan» мүшесі емес азамат қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия қатарына қосылса, соның өзі жеткілікті. Барлық кандидаттар мажоритарлық жүйедегі сайлау кезіндегідей үй-үйді аралап, жұртшылықпен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбек. Бұл олардың бұқара алдында сөйлеу ісінде ысылуына септеседі. Әрі халық та өзі дауыс беретін тұлғалармен танысады. Осылайша, праймериз кезінде-ақ сайлаушылардың құрмет-қошеметін иеленген тұлғалардан тұратын Парламентке елдің сенімі жоғары болады.
Праймериз өткізудің маңыздылығын осындай себептермен түсіндіруге болады. Бұл саяси науқан кезінде халық белсенділік танытуы керек. Ең алдымен халықтың саяси сауатының артуына үлкен септігін тигізеді. Саяси сауаты мықты халқы бар мемлекеттің дамуына да даңғыл жол ашылады. Осыған қарап біздің мемлекеттің дұрыс шешім қабылдағанын аңғару қиын емес.
Праймериз демократияландыру саясатының негізіне даңғыл жол ашада.ы Халық өзі танитын, саяси өмірде белсенді азаматты таңдап, соған дауыс береді. Яғни, нағыз халық қалаулылыра іріктеліп шығады деген сенім бар. Праймериз науқаны кезінде елдегі тұрғындардың саяси сауаты да артып, оң өзгерістерге бастайтыны сөзсіз. Сол себепті де Праймеризді өткізу туралы шешімнің өте дұрыс шешім болғандығын айта кету керек.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Аймақ».