РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДАҒЫ ФИЛОСОФИЯНЫҢ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ РӨЛІ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДАҒЫ ФИЛОСОФИЯНЫҢ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ РӨЛІ

36 просмотров

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДАҒЫ ФИЛОСОФИЯНЫҢ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ РӨЛІ

Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы философиялық әдіс-тәсілерді негізге ала отырып, елдің тарихи тағдыры мен бағдарын айқындаған стратегиялық құжат екендігі даусыз. Философия елдің рухани платформасы мен саяси мәдениетін қалыптастырып, дамытуда жетекші рөл атқаратын әмбебап ғылым. Себебі, философия адам, қоғам, табиғаттың даму, өмір сүру заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Кез-келген адамды әлем, қоршаған орта, қоғам, дін, білім, саясат, мәдениет секілді мәселелер бей-жай қалдырмайтыны анық. Міне, осы іспеттес мәселелер философия ғылымының негізгі қарастыратын атрибуттары болып табылады. Философия сөзі (фәлсапа) грек тілінен аударғанда «даналыққа құштарлық» ұғымын білдіреді. Философиясы күшті халықтар дәуірдің алдында жүріп, адамзат тарихында маңызды рөл ойнайды. Философиясы әлсіз, не азғындаған елдер кері кетеді, тозып жоғалады. Демек, өмір ағынында философтың атқаратын рөліне селқос қарауға болмайды, керісінше, мемлекетіміз философия ғылымына деген қажеттілікті арттырып, тиісті қолдаулар көрсету керек деп санаймын. Өкінішке орай, бұл ғылымға деген мемлекеттік қамқорлық жоғары деңгейде емес. Мұндай олқылықтың орнын толтыру үшін ҚР-сы Білім және ғылым министрлігі әр жыл сайын ЖОО-да философия мамандықтарына гранттардың санын көбейтіп, бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырып, мектеп бағдарламасына арнайы философия пәнін енгізуі тиіс деп білемін. Жастардың діни, тарихи, саяси дүниетанымын қалыптастыруда Әл-Фараби, Абай, Шәкәрім секілді ұлы ғұламалардың мұрасы рухани тірек болатындығы ақиқат. Философия ғылымы көптеген адасқан жастарымызды жат ағымның жетегінен шығарып, оларға оң бағыт — бағдар бере алады, рухани құндылықтарымызды талдап, идеологиялық тұрғыдан түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондықтан әр аудандар мен қалаларда философия ғылыми-зерттеу орталықтары ашылса, ұлы ғұлама ғалымдарымызды мұраларын кеңінен насихаттауға үлкен мүмкіндік туады. Атақты грек ойшылы Платон «Мемлекет» атты шығармасында мемлекетті философтар басқару керек деген тұжырым жасайды. Себебі, философия ілімі – мемлекетіміздің идеологиялық бағдаршамы. Мәселен, Әл – Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарына», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері» атты трактатын оқысаңыздар мемлекеттің ұлттық идеологиясы, саяси жүйесі мен мемлекет басшының тұлғалық мәні қандай болу керектігі, билік пен бұқара халықтың қарым – қатынасы қалай құрылатындығы, ғылыми түрде айқын көрсетілген. Егер де қазақ елінің даму бағыты Әл — Фарабидің концепциясымен жүретін болса, онда мемлекетіміз озық елге айналып, ұлттық – демократиялық жетекші елге айналатынына сенемін. Жалпы, философия ғылымының қоғамда зиялы демократтардың ортасын қалыптастыруға, халықтық маңызы бар мәселелердің шешілуіне ықпал ете алатындай потенциалы жоғары деп санаймын. Тұңғыш мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қазіргі дағдарыс уақытында философия ғылымына басымдық беруі де бекер емес. Философия ғылымы әлем елдеріндегі туындаған кикілжіңдер мен даулы мәселелерді шеше отырып, бір мәмілеге келтіруге, ауызбіршілік пен қоғамдық диалогты қалыптастыруға зор мүмкіндік беретініне сенімім мол. Сондықтан да дамыған өркениетті елдер экономика, саясат, руханияттық мәселелерге келгенде философия ғылымын басшылыққа алатыны белгілі. Ел Үкіметі ЖОО-да, мектептерде философия ғылымының әлеуетін көтеруге тиісті қолдаулар жасаса, рухани жаңғыруға қосқан үлкен үлесіміздің бірі деп айтар едім.Абдуахитов Ерқожа Сейтжаппарұлы, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық — музейінің ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының магистрі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *