ШАҺАР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕН

ШАҺАР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕН

22 просмотров

ШАҺАР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕН

Қазақтың ен даласының арғы шеті мен бергі шетіне жету үшін атқа иек артты. Содан да ұлттық санада ат жесең азық, мінсең көлік ұғымы қалыптасты. Мейлі қандай жағдай болсын ат қуса жететін, қашса құтылатын серікке айналды. Ер қанаты деп саналды. Уақыт өте келе ұлы дала төсіне теміржол салынды. Бұл жаңа тарихтың елеулі бір парасы еді. Міне, сол тарихи сәттен бері көзді ашып-жұмғанша ғасырдан астам мезгіл болыпты.

Әрине, содан бері бір замандары ат тұяғының дүбірі естілген ұлан-ғайыр далада пойыз даусы күні бүгінге дейін естіліп келеді. Күн-түні тыным таппай батыстан-шығысқа, шығыстан-батысқа, оңтүстіктен-солтүстікке, солтүстіктен-оңтүстікке жүйткуде. Тіпті бір елден бір елге қатынап та жатыр. Бір сөзбен айтқанда төрткүл дүниенің бұрыш-бұрышына қазақ даласының пойыздары да ат ізін салар заман туды. Осы бір көрініске қарабайырлау, шын мәнісінде жүгі ауыр жұмыстың беріп жатқан жемісі мол. Телегей теңіз жеңісі де жетерлік. Бұл бүгінгі қазақ теміржолының күй-жайы. Ғасырға жуық тарихы бар атаулы сала талай тар жол, тайғақ кешуді бастан кешті. Ел мерейін үстем еткен шақтары да жетерлік. Бұрынғы одақ елдері арасында тәуелсіздік алғаннан кейін тұңғыш теміржол салған да қазақ елі. Қазақстан теміржолшылары дамудың жаңа даңғыл жолына түсті. Жаһандық көшке ілесіп, нарықтық қатынастар реформасына көшіп өз әлеуетін көрсетіп келеді. Бүгінде «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» ел экономикасында орнын бекемдеген, төрт аяғын тең басқан шын жүйрік.

Атаулы құрамда барын салып үнсіз еңбек етіп жатқан шаһарымыздың теміржолшыларының орны бір төбе. Тәулік бойына тыным таппай еңбек етіп, қолдарынан келер үлгілі істі тындырып-ақ жатыр. Соңғы жылдарда тасымалданған жүк көлемі жаман емес. Осы бағыттарда нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мұның бәрі оңай біте салатын шаруа емес. Зор жауапкершілік, қатаң тәртіп, сапалы қызметті талап етеді. Осы талаптарды орындай отырып қарқынды жұмыстар легі тоқтаусыз жүріп жатыр. Шымкент жол бөлімшесі директорының Түркістан аймағы бойынша орынбасары Ғани Меңдібаев, станцияның бас инженері Ербосын Исабековтердің атқарып жатқан жұмыстары ерекше жаңа леп беруде.

«Еңбегің қатты болса татқаның тәтті болар» демекші төгілген тер ақталып та жатыр. Содан да болар абырой атағы алысқа жетіп, даңққа бөленіп жүрген теміржолшыларымыздың саны артпаса кеміген емес. Үздіктер мен біліктілер қатарында Түркістан станция бастығы Қадыр Сырлыбеков теміржол көлігіндегі көп жылғы адал еңбегі мен саланы дамытуға қосқан жеке үлесі үшін «Құрметті теміржолшы», станция бастығының шұғыл жұмыс жөніндегі орынбасары Мүтәліп Шарипов Елбасының «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Бұл осыған дейінгі жетістіктің бірер мысалы ғана. Еңбектің бағасы мен марапатын тізбектей берсек айтып тауыса алмасымыз, жазып бітпесіміз белгілі. Ал әр жыл сайын тойланатын теміржолшылар мерекесінде табан ет, маңдай тері бағаланып даңқ пен құрметке бөленетіндер қатары мол. Себебі сол үздік жұмыстың қарымтасын бағалау болып табылады. Елдегі жағдайға байланысты биыл басқаша болары даусыз. Неде болса да теміржолшылар жұмысы бағаланып жатыр, өзіне тиеселі құрметін алып та келеді, басқаның өзін айтпағанда қазіргі қиын кезде тағы сол халық үшін шыр-пыр болып жүгіруде. Қозғалыс қауіпсіздігіне тоқталатын болсақ, қозғалыс қауіпсіздігі жүйесі мен оның нормативтік базаларын заман келбетімен үндестікке келтіруде соңғы кездері белсенді істер атқарып келеді.

Шаһар станциясының тыныс-тіршілігі көпке белгілі. Қашанда жұрт көңілінен шыға отырып нақты жұмыстар атқарып, оны жүйелі жүргізіп келеді. Жетістіктерін айтып тауысуға болмайтын, сапалы қызмет көрсететін теміржолшыларымызды төл мерекесімен құттықтай отырып, жұмыстарына сәт-сапар тілейміз!

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *