Түркістандағы тарихи жәдігерлер

Түркістандағы тарихи жәдігерлер

2 просмотров

Түркістандағы тарихи жәдігерлер

Білезік – жалпы әйел заты қолға тағуға арналған сәндік әшекей бұйымдарының бірі. Білезік әйелдерге арналған әшекейдің ең көп кездесетін әрі күнделікті қолданылатын түрі. Оны қыз-келіншектер де орта жастағы әйелдер мен үлкендерде білегіне салады. Тіпті қыз бала 3-4 жасқа келгеннен-ақ, ата-анасы бойын түзеп сән-салтанатта өссін деп бала білезіктер соқтыртқан. «Сулық», «ауыздық», «мұрындық», деген секілді ол білекке тағу үшін «жүзік» сөздерінің бірігуінен пайда болған «білек жүзік» сөзі уақыт өте келе «білезік» болып қалыптасқан. Зергерлер білезікті металдан, оның ішінде темірден, мыстан, күмістен, алтыннан жасаған және білезіктің бес білезік, тасты білезік, топсалы білезік, жұмыр білезік, жалпақ білезік, қалы білезік, көзді білезік, құйма білезік, қос білезік деп аталатын бірнеше түрі бар. Ұлттық дәстүрге байланысты да білезіктің бірнеше атаулары белгілі. Ал жасалу ерекшеліктеріне орай ширатпа, оймыш, шекіме, алтын жалатпа, қара-ала, құйма, қалыптама деген көптеген түрлері бар. «Әзірет Сұлтан қорық-музей» қорында  білезіктің көптеген түрлері кездеседі. Бұл туралы қорық-музейдің қор сақтаушысы Әшіркүл Егеубаева айтып берді.

«ЭБ№1788 білезік жалпақ ақ түсті металдан екі шеті әсемделіп жасалған. Ортасы ойылған білезіктің ішкі бетінен  сыртқа қарай дөңес болып көтерілген өрнек түскен.Оның жиегі айналдыра көк эмальмен боялып сызықшалар салынған. Төбесіне нүкте қойылған. Өрнектер шеңбердің ішінде орналасқан, бұның екі жағына үшбұрыш болып ойылып оның да айналасына эмальдан сызық жүргізіліп ортасына қараған шеті жарты шеңбермен толтырылған. Екі жиегіне қатар орналасқан жіңішке сызықша ортасындағы шеңбердің екі жағына бір-бірін қиып өткен сызықша өрнектері жүргізілген. Екі шетіне де көк эмаль жүргізілген.

Ал ЭБ№1789 нөмірлі білезік жалпақ ақ түсті металдан екі шеті әсемделіп қиылып, екі жақ жиегіне  нүкте өрнегі доғадан құралған сызықпен қоршалып,ортасына көк эмальмен өрнек салынған. Олардан жоғарылау жеріне үшбұрыш пішінді астыңғы қыры ішіне қарай доғалдана шыққан ойық ойылып, көк эмальмен қоршалып, нүктелер түсіріліп ортасына қараған жағына жартылай шеңбер жүргізілген. Ортасына астыңғы бетінен басылып шыққан дөңес түсіп,үсті көк эмальмен өрнектеліп және нүктелер жүргізіліп екі жиегі қатар түскен сызықша өрнектермен әсемделген»,- дейді Әшіркүл Егеубаева.

Қор сақтаушы маман әйел баласының білезіктерді тағудағы мән-мағынасы мен өзіндік ерекшелігіне де тоқталды.

«Білезік – әйел адамдардың білек буына тағатын әшекейлі, сәнді бұйым. Білезік қымбат металлдардан жасалады. Көлемі, пішіні, әшекейлі әр алуан болады. Асыл тастардан көз орнатылады, алтын немесе күміс жалатып, лажылап, эмаль бағдарлап та соғады. Білезік жасалған материалына қарай; алтын білезік, күміс білезік, сом білезік, сағат білезік, құйма білезік, бұрама білезік, топсалы білезік, жұмыр білезік, бес білезік, т.б. түрлерге бөлінеді. Білезік бір қолға, кейде екі қолға да тағылады. Сондай-ақ саусақтарға тағылған жүзіктердің  білезікпен қоса жасалғандары «бес білезік» деп аталады. Зергерлердің жасаған білезіктері: қос қолқа (қуыс), бұрама, жалпақ, сом, жұмыр, өбістірме, орама, кавказ (қара ала), көзді, өрме, үзбелі сияқты түрлері көп. Бетіне асыл тастардан көз орнатып, «ирек», «мүйіз», «құс қанаты» сияқты өрнектер салынады. Зергерлер білезіктерге неше түрлі өрнектер салып, тас қондырып, қара ала жүргізіп, сіркелеп, бұрала ширатып әсемдеген. Олар көбінесе күмістен соғылады. Қазақ білезік деп бірнеше ұғымды;
1.     Баласы тұрмай зарығып, ұзақ күткен ата-анасы ырымдап жас сәбидің екі аяғына қымбат бағалы металдан білезік соқтырып, тағып қояды. Ол баланы тіл көзден, түрлі бәле-жалдан қорғайды деп ойлаған.
2.     Ертеректе сал-серілер аттарын жабулап мінген. Кекіліне үкі, маржан тағып, күмістелген ер тоқым мен ер тұрман, аттың аяғына күміс шығыршықты білезікті тағып қоятын.
3.     Қыран құстардың да аяғына иесінің аты-жөні жазылған сақина білезік тағылған.
4.     Жаугершілік заманда қолға түскен тұтқындарға қашып кетпесін деп қолына бұғау, аяғына кісен салатын. Бұғаудың білекке, кісеннің тілерсекке түсетін топсалы шығыршығын да білезік деп атайды»,- дейді Әшіркүл Мырзабекқызы.
           Зергерлік өте ертеден келе жатқан, көркемдік өнердің бір түрі. Қазақ халқының  ерте заманнан бастау алған зергерлік өнер халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста дамыды. Халық зергерлері көбінесе білезік, өңіржиек, сақина, сырға, түйреуіш, ілгек, шашбау, шолпы, алқа, қапсырма, жүзік сияқты адамдардың өз бойындағы әсемденетін заттарды жасады. Тек күмістен соғылған білезіктердің өзі Қазақстанның әр өңірінде әр түрлі болып келеді. Жергілікті өзгешіліктер оның жасалу, әшекейлеу, тәсілінен де, көлемінен де, сыртқы мүсінінен де байқалады.

Білезік буын ауруларының алдын алады, қолдың тазалығын күшейтеді, жын-перілерді қуады деген ұғым халық арасында кеңінен таралған. Ең маңыздысы – білезік адам бойындағы күш-қуатты сақтайды. Қазақ бәле-жала әйелдің құлағы, шашы арқылы кірсе, күш-қуаты біртіндеп алақан арқылы сыртқа шығады деген сенім қалыптасқан, сондықтан әжелер соңғы күш-қуатынан айырылудан қорқып, білезігін қолынан тастамайтын болған. Білезіктегі өрнектердің мәнімен қоса, көп халық ұғымында қалыптасқандай, қорғаныш қасиетке ие сиқырлық күші бар деп саналады. Сондықтан өзге де тұмарлармен бірге баланың білегіне ақ-қара, қызыл-көк көзмоншақ тізбегін тағу дәстүрі осы уақытқа дейін сақталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *