Жеті қабат дуалмен қоршалған қала

Жеті қабат дуалмен қоршалған қала

6 просмотров

Жеті қабат дуалмен қоршалған қала

Сауран қаласы – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. Ол Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының солтүстік батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі. Орта ғасырда Сауран қазақ елінің әлеуметтік-саяси, шаруашылық-этникалық және мәдени дамуының орталығы болған екен. Ал, биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашық туралы алғашқы деректер Х ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды саяси және сауда орталығы ретінде белгілі болған екен. Қала жайлы Араб тарихшысы Мақдисиди өз шығармасында: «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар», — деп жазған. Сондай-ақ, ХІІІ ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болады. Ал, ХІV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Қаланың үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына едәуір ықпал еткен. Содан кейін, ХVІ ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді, жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Сонымен қатар, тарихтан Сауран қаласының ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басында әлсіреп, ХІХ ғасырдың басында біржолата күйрегенін оқуға болады.
Қазіргі кезде ауданы 550 — 800 м дөңгелек алаңда Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың VІІ-ХVІІІ ғасырларға жататынын дәлелдейді. Сондай-ақ, шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылған екен. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қазба жұмыстары кезінде қаланың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылған. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған және ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көруге болады. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан екен. Оның дәлелі, зерттеу жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары, қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесуі. Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатқаны да көңілге қканыш орнатады.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *