Жетісайлық өрт сөндірушілер династиясы

Жетісайлық өрт сөндірушілер династиясы

15 просмотров

Жетісайлық өрт сөндірушілер династиясы  Ақындары мен батырларын, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, еңбек ерлерін өмірге келтіріп, қанат қақтырған Мырзашөл топырағында, нақтырағы – Жетісай ауданында өрт сөндірушілер династиясы өмір сүреді.
Елді тілсіз жаудан сақтауда аянбай еңбек етіп, өмірлерін от пен судың арасында ұстаған бүгінгі бейбіт күннің батырлары саналатын құрметке ие мамандық иелерінің өнегелі отбасы ретінде жетісайлық Ілиясовтар отбасын айтуға болады. Бұл шаңырақта жыл мезгілі мен тәулік сағатына қарамай елге жанашырлық танытуға дайын тұратын азаматтық қорғау саласының 5 қызметкері бар.
Зейнеткерлік жаста болса да қол қусырып отыра алмайтын Маханбетов Темір Илиясұлы бүгінде Жетісай ауданындағы «AIIG Kazakhstan» ЖШС мақта өңдеу зауытында Өрт сөндіру бөлімінің бастығы лауазымында қызмет атқарып келеді. 1966 жылы туылған отағасы 1986 – 1991 жылдары Қарағанды қаласындағы «Еңбек Қызыл Ту ордені» политехникалық институтын инженер-механик бакалаврі маманы болып бітіріп, 1997 – 2011 жылдары аралығында Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет саласында қызмет атқарған отставкадағы майор.
Ал, 1994 жылы өмірге келген үлкен ұлы Ілясов Жүсіп Темірұлы Қазақстан Республикасы Түркістан облысы «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» мемлекеттік мекемесі Жетісай ауданы, Жетісай қаласындағы №3 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны. Жас жігітті қиын да қатерлі саланы меңгеруге жетелеген әкесі секілді әскери форма киіп, елді қауіп-қатерден қорғасам деген ізгі арманы болды. Арманын мақсатқа айналдырған балаң жігіт мектеп бітірген соң Ақмола облысы, Көкшетау қаласындағы бұрынғы Көкшетау техникалық институтына (қазіргі «М.Ғабдулин атындағы Академиясы») оқуға түсіп, 2016 жылы «Әскери іс және Өрт қауіпсіздігі» бакалавры маманды бойынша азаматтық қорғау лейтенанты шенін алады.
Басты мақсаты адам өміріне араша түсіп, төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылатын аталмыш сала қызметкерлері тілсіз жауды тұншықтырып қана қоймай күн сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келетіндіктерін айтады. Мысалы, Жүсіп Темірұлының өзі жастығына қарамай 2019 жылы Түркістан облысы Арыс қаласы маңындағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылған кезде және былтырғы жылғы Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай кезінде де елді мекен тұрғындары мен үй жануарларын эвакуациялауда және авариялық-құтқару жұмыстары мен өрт сөндіру жұмыстарына белсене қатысып, өзіне көп тәжірибе жинаған. Бұл қадамға Жүсіп мақтау есіту үшін емес, азаматтық борышын, адамгершілік ұстанымын орындау үшін барғанын айтады.
Екінші ұлы Іляс Жақып Темірұлы 1996 жылы дүниеге келген. 2014 – 2015 жылдары аралығында Алматы облысы Ұзынағаш ауданы, Ұзынағаш қаласындағы №28237 әскери бөлім қызметте жүргенде Қарағанды облысы елді-мекендерін су басу кезінде және сол жылғы шілде айында Алматы облысында болған лай көшкіні кезінде авариялық-құтқару, дамба көтеру және су қашыру жұмыстарына белсене қатысқан. 2016 жылдан бастап Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесі Жетісай ауданы, Жетісай қаласындағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде диспетчер қызметін атқарып келеді.
Әке жолын таңдаған үшінші ұлы Жүніс 2020 жылдан бастап Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесі Түлкібас ауданы, Састөбе елді-мекеніндегі №29 өрт сөндіру бекетінде радиотелефонист болып еңбек етуде.
Осындай ержүрек ұлдарды өмірге алып келген аналары Маханбетова Шолпан Майлыбайқызы да жай мамандықты таңдамаған. 2007 жылдан бастап Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі» мекемесі Жетісай ауданы, Асықата кентіндегі №22 өрт сөндіру бекетінде радиотелефонист болып қызмет атқарып келеді. Биылғы жылдың 22 қыркүйегінде зейнеткерлікке шығады. Отағасы Темір екеуі 4 ұлдың ата-анасы, 4 немеренің ата-әжесі.
«Адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі керек дегенді үлкендерден жиі есітетінбіз, біріншісі – мамандық таңдаудан, екіншісі – өмірлік жар таңдаудан. Біздің отбасымыз екеуінен де қателеспегенін сеніммен айта аламын. Әкемізге қарап бой түзегендіктен болар әке жолын таңдаған әрбіріміз өз мамандығымызбен мақтанамыз, құрметтейміз. Қауіп-қатермен жиі кездессек те алғыс естігенде бәрін ұмытамыз. Адамдарға төтенше жағдай көмек қолын созудың қандай бақыт екенін білсеңіздер ғой» дейді Жүсіп Темірұлының өзі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *