«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МУЗЕЙІНДЕ САҚТАЛҒАН ӘБУ ХАНИФАНЫҢ ҰЛЫ ШЫҒАРМАСЫ.

«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МУЗЕЙІНДЕ САҚТАЛҒАН ӘБУ ХАНИФАНЫҢ ҰЛЫ ШЫҒАРМАСЫ.

186 просмотров

«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МУЗЕЙІНДЕ САҚТАЛҒАН ӘБУ ХАНИФАНЫҢ ҰЛЫ ШЫҒАРМАСЫ.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің қорында сақталған қолжазбалармен бірге түптелген құнды дүниелердің бірі Куфалық Сопы Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.ғ.) — ның араб тілінде жазылған «Әл-Фикхуль Акбар» еңбегі. Кітаптың авторы – Ислам тарихындағы ірі тұлға Нұғман Сәбитұлы, құрметпен қойылған аты Имам Ағзам Әбу Ханифа. Исламдағы 4 мазхабтың (мектеп) бірі «ханафия» мазхабының негізін салушы. Х.ж. 80/699-700 жылы Куфа қаласында туылған, х.ж. 150/767 жылы Бағдад қаласында қайтыс болған. Сол замандағы мәшһүр ғалымдардан сабақ алған. Хаммад ибн Әби Сулайманнан он сегіз жыл ілім үйренген, фикх ілімінің маманы болған. Әбу Ханифаны халық ұлы имам деп танып «Имам Ағзам» деп атайтын болған. Ол кісінің жолын ұстағандар «ханафилер» деп аталды. Ал енді қолжазбаның өзіне келер болсақ… бұл – ХІХ ғғ. жазылған қолжазба жинаққа бірге түптелген Имам Ағзамның (р.ғ.) «Әл-фикхуль Акбар» – «Ең терең білім» атты еңбегі. Кітап 1252 х.ж. (1836-37ж.ж.) көшірілген. Көшірушінің аты-жөні белгісіз. 1254 х.ж. (1838-39ж.ж.) Молла Мұхаммед Ғалым саххаф түптеген. 226 беттен тұратын кітаптың 13-18 беттері аралығында «Фикх уль Акбар» жазылған. Яғни 6 беттен тұрады. Әр бетте 15 жолдан, шығыс парағына настағлик үлгісімен көркем жазылған. Кітапта ақаид – құдай тану ілімі, яғни «Таухидтің негізі және оған деген дұрыс көзқарас» туралы жазылған. «Бір деп білу. Алла Тағаланы жалғыз деп тану». Кәміл иман табу үшін адам баласы жеті нәрсеге, яғни Алла Тағалаға, Оның жаратқан періштелеріне, түсірген кітаптарына, жіберген Пайғамбарларына, ақырет күнінің болатынына, жақсылық пен жаманшылық Алла Тағаладан екендігіне, өлгеннен кейін қайта тірілуге кәміл сену керектігі айтылады. Алланың барлығын, бірлігін, яғни серігі жоқ екендігін, Оның зати-сипаттары мен фиғли-сипаттары олардың барлығы әуелден бар және мәңгілік екендігін, адам баласына есеп беретін күннің, істеген амалына мизан-таразының, жақсы үшін жәннаттың, күнәһар үшін тозақтың, сырат көпірінің растығын анық нақты айтумен иманды бекітеді. Алла тағаланың барлығын бар күйінде, яғни жаратушы, ризық беруші, өлтіруші, тірілтуші, істеуші, білуші, құдіретті, т.б. қасиеттерінің әуелден барлығы, үздіксіз болатыны және жойылмайтыны айтылады. Жаратушылық бір Аллаға ғана тән. Ал Оның орынбасары болып саналатын адам баласының бойында да Иесінің қасиеттері бар деп саналады. Бірақ адам баласы жаратушы емес, жасаушы, ал жасалған нәрсе жаратылған, яғни бардан бар жасаушы. Алланың Тағаланың білуі – қандай әрекетте де, қайсыбір халде болғанда да біледі, көруі – көрінетін нәрсе немесе бір жақтан емес, қай қалыпта да көреді. Естуі – қандай да бір нәрсе айтсаң, сөйлемей-ақ дауыс шығармай-ақ, қай жерде болсаң да естиді. Сөйлеуі – біз сияқты әріптерден құралған сөздерді бөлім-бөлім қып айтпайды, бірақ барлық жеткізілуі тиіс сөздері анық айтылады. Ал осыларға және басқа сипаттарына кім күмәнмен қараса, кәпір болатыны айтылады. Құран – Мұхаммед (с.а.с) пайғамбар арқылы ендірілген, парақтарға жазылған, жүректерде сақталған, ауызбен айтылатын Алланың сөзі. Ондағы сүрелердің де, аяттардың да дәрежесі бірдей. Ұлықтығы жағынан кей аяттарда Алла тағаланы еске алуымен ерекшеленеді. Пайғамбарлар – Құдайдың үкімін жеткізуші, ахыретте шапағат етуші, адам баласына үлгі көрсетуші, оның ішінде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сөзі мен үлгісі барлық адам баласына жетерлік. Пайғамбарлардың мұғжизасы, Әулиелердің кереметі – өздерінің ниет-амалдарына берілген Алланың (Т) лайықты сыйы. Мұнда тағы Пайғамбарымыздың ата-анасы және ұлдары мен қыздары айтылады. Дүниедегі, ақыреттегі барлық нәрсе Алланың (Т) қалау, білу, жобалау және оларды Лаухы Махфузда (тағдыр тақтасы) жазуымен болатындығы айтылады. Адам баласының иманмен туылуы, оны бекіту, әлсірету, күшейту және оған Алланың (Т) жәрдемі болатындығы, иманы бола тұрып күнә жасаса қандай жағдайда болатындығы, дүниеде жасаған істердің қиямет күнінде таразыға тартылатындығы, амал дәптерінде жазылған әрекеттері оқылатындығы міне осының бәрі түсіндіріледі. Алла (Т) адам және жын балаларын иман мен күпірлікке мәжбүрлемейді, тек бұйрық береді, тыйым салады. Шайтан адамға ашық дұшпан, ол адамның иманын ұрлайтындығы және тура жолда (Құдай жолында) табанды адамдарға шамасы келмейтіндігі анық. Жақсылық та, жамандық та бір Алладан болатындығы, ниеті түзу болса, соны тура жолға салады, ал кімде-кімнің ниеті бұзылса, сол адамды адастырады, қорлайды, яғни Алла разылығын табатын істерге мүмкіндігі болмайтыны айтылады. Қайсыбір адамның ісіне рия (көзге көрсету), менмендік араласса ол амалдың сауабы жойылады. Дүниедегі, ахыреттегі барлық сұрақтардың жауабы бар. Егерде қандайда бір мәселе туындап жатса, білетін адамнан тез арада сұрап шешіп алған дұрыс. Егер ғалым адам табылмаса, өзінің дұрыс деп тапқан ең терең ақылына тоқталуы тиіс. Бірақ ізденісін тоқтатуға болмайды. Ал енді ахыреттегі жағдайдың баяны. Қабірде адам баласының жаны тәнге қайтарылады, дене сығылады, Нәңкір-Мүңкір періште мен адам арасында сұрақ-жауап болады, яғни тірліктегі істеген барлық істерінен сұрауы сұралады. Адамдар бір-бірінен хақыларын алады. Яғни біреудің хақысын екінші біреу жесе немесе азап берсе екіншісінің жиған сауабынан алынып біріншіге беріледі, ал егер сауабы болмаса біріншінің мойнындағы күнәсі екіншісіне тасталады. Ібіліс, Перғауын, Тажал сияқты жаратқандары адамдардың өздерінің қарсылықтарына орай таңдауы. Жәннат пен Тозақ бар және ондағы рахат пен азап мәңгілік. Құдайдың Дидарын көруге болады, соған лайық болған, амал жасаған адамдарға осы дүниеде де мүмкіндік бар. Миғраж уақиғасы, Тажал, Яжуж-Мажуж тайпасының шығатындығын, Иса (ғ.с.) пайғамбардың көктен түсетіндігін міне осылардың барлығы болатындығы ақиқат екені жазылады. Кітап адам баласына бұл дүниеде Алланы тануды, Оның өзіне қаншалықты алыс-жақын екенін білуді үйретсе, Ақыретте жағдайының қандай болмағын көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп түсіндіреді. Барлығын баяндай келе «Кім қаласа Алла (Тағала) оны дұрыс жолға бағыттайды» деп аяқтайды. Бұл түйін ешкімді бейжай қалдырмаса керек, яғни дүние-ахыреттегі жақсылық-жамандықты толық суреттей келіп, ал енді таңда деген сөз сияқты болып аяқталған. Кітапта артық сөз жоқ. Қысқа нақты, бірақ сенімді жазылғанымен құнды. Кітап жалпы көпшілікке арналады, ал ғалымдар үшін баға жетпес құндылық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *