
Түркістан облысы, Келес ауданы, Абай ауылының тұрғыны 45 жастағы
Мәлік Айтымбетов 9 ұл-қыздың әкесі. Бүгінде ол 70 жәшік бал арасын ұстайтын
ауылға аты мәлім омарташы. Бұл іспен айналысқанына 7 жыл болыпты. Алайда,
М.Айтымбетов атаулы әлеуметтік көмек алмай тұрып, ісін өрге домалата алмаған.
Яғни, омарташылыққа қажетті құрал-саймандарды түгелдеуге шамасы жетпепті. Ал
былтырғы жылы отбасымызға береке кірді дейді ол шаттанып. Үкіметтен 9 балаға атаулы
әлеуметтік көмектің арқасында 1 млн 498 мың теңге қаржы берілген. Осы қаржыға
ол бал өндіретін диірмен, омарта жәшіктерін, көшіруге тіркеме сатып алыпты.
«Біз ауылдағы үлкен отбасы саналамыз. Жанұямызда 11 жанбыз. Алланың берген 9
ұл-қызы бар. Солардың несібесіне былтырғы жылы үкіметтен атаулы әлеуметтік
көмек тағайындалды. Құжатты дер кезінде дайындап, жергілікті әкімдікке
өткіздік. Көп ұзамай үлкен қаржыға қол жеткізіп, өзімнің шаруашылығыма қажетті
бар керек-жарақты сатып алдым. Бүгінде соның арқасында балдың 10 түрін өндіріп
жатырмын», – дейді Мәлік Айтымбетов.
Әйелі Нағима Айтымбетова алтын алқа иегері. Жуырда ғана ол бала күтімінен
босап, бір мекемеге тазалаушы боп орналасыпты. Айлық жалақысы – 40 мың теңгені
құрайды. Омарташылықты кәсіп еткен отбасының үлкендері Нұр-Сұлтан қаласындағы
жоғары оқу орнында оқиды екен. Олардың ендігі армандары – омарташылықты
кеңейтіп, бал арасы орналасқан тіркемелерді таситын жүк көлігін сатып алу.